Accessibility links

Приморьеде губернатор сайлауының нәтижесі жойылды


Сайлау нәтижесін бұрмалауға қарсы митинг. Владивосток, 17 қыркүйек 2018 жыл.
Сайлау нәтижесін бұрмалауға қарсы митинг. Владивосток, 17 қыркүйек 2018 жыл.

Ресейдің Приморье өлкелік сайлау комиссиясы аймақ губернаторын сайлаудың екінші кезеңінің нәтижесін жойды. Ресейлік "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, өлкелік сайлау комиссиясы мүшелерінің 12-сі сайлау нәтижесін жоюды қолдап, біреуі қарсы дауыс берді.

Өлкелік сайлау комиссиясының хатшысы Татьяна Камаева жиында комиссияға дауыс беруге қатысты 200-ден астам арыз-шағым түскенін хабарлады.

Ресей коммунистік партиясынан губернаторлыққа кандидат Андрей Ищенко сайлау нәтижесін жою туралы шешімге сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

Приморьедегі сайлау нәтижесін жоюды қыркүйектің 19-ы күні Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ұсынған еді. Кейін ОСК басшысы Элла Памфилова комиссия заңсыздықтың көп болғаны "естен тандыратынын" мәлімдеген. Ол "сайлау нәтижесін бұрмалауды заңсыздықты кім ұйымдастырғанына қарамастан" тексеруге уәде берген. Кремль ОСЕ ұсынысын қолдаған.


Приморье өлкесі губернаторын қайта сайлау енді үш айдан кейін өтуі тиіс. Дауыс беру күнін өлкенің заң шығару кеңесі белгілейді. Жаңа сайлау өткенге дейін губернатор міндетін уақытша атқарушы Андрей Тарасенко аймақ басшысы болып қала береді.

Примерье өлкесі губернаторын сайлаудың екінші кезеңі қыркүйектің 16-сы күні өтті. Дауыстарды есептеу кезінде 5-6 пайыздық аралықпен Андрей Ищенко алда келген. Алайда, 17 қыркүйек күні таңертең алдын ала нәтиже шығып, биліктегі "Единая Россия" атынан түскен кандидат Андрей Тарасенконың жеңгені хабарланған. Бұдан соң коммунистер сайлау нәтижелерінің жаппай бұрмаланғанын мәлімдеген. Ал "Единая Россия" Ресей коммунистік партиясын сайлаушыларды сатып алды деп айыптаған. Владивостоктағы сайлаудағы бұрмалауға қарсы стихиялы митингілерге мыңдаған адам қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG