Accessibility links

Атырау облысы: Орамал тартатын 15 қыздың ата-анасына айыппұл салынған


Фердауси атындағы орта мектеп алдында сабаққа кіре алмай тұрған оқушылар. Фердауси ауылы, Түркістан облысы, 5 қыркүйек 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Фердауси атындағы орта мектеп алдында сабаққа кіре алмай тұрған оқушылар. Фердауси ауылы, Түркістан облысы, 5 қыркүйек 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Атырау облысында былтырғы оқу жылында балалары мектепке орамал тағып барғаны үшін 15 ата-анаға айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа Атырау облыстық білім саласындағы қадағалау департаментінің басшысы Сатқан Есенғалиев хабарлады.

Сатқан Есенғалиевтің сөзінше, 2017-2018 оқу жылында қыздары мектепте орамал тартатын 19 ата-анаға қатысты іс департаментке түсіп, 15 ата-анаға әрқайсысына бес айлық есептік көрсеткішке (12025 теңге) тең айыппұл салынған. Ол айыппұл салынбас бұрын департамент ата-аналарға бірыңғай мектеп формасы туралы ережені түсіндіретінін, егер ата-ана бұдан кейін де ережеге бағынудан бас тартса, Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салу түрінде әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді.

Департамент басшысының мәліметінше, биылғы оқу жылында Атырау облысында 20 шақты оқушы қыз мектепке орамалмен барып жүр. Қазірге дейін департаментке мектептерден қыздары орамал тартатын 12 ата-анаға қатысты іс түскен, кейін үш қыз орамалын шешкендіктен ол істің үшеуі қайтарылып алынған.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған.

Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы "Конституцияда кепілдік берілген құқығымыз бұзылды" деп сотқа шағымданған. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Фердауси ауылында тұрғындар оқушы балаларының орамалын шешуден бас тартып, мектеп әкімшілігінің талабына қарсылық білдірген.

Оқи отырыңыз: Фердауси мектебінде хиджаб дауы ушықты

Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG