Accessibility links

Қытай қазағы Түркияда ұсталған әйелі босатылғанын хабарлады


Өмірбек Бекалы, Қытайда 8 ай қамауда болған Қазақстан азаматы.
Өмірбек Бекалы, Қытайда 8 ай қамауда болған Қазақстан азаматы.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қамауда болып, былтыр Қазақстанға оралған, Қытайда туған этникалық қазақ Өмірбек Бекалының әйелі, өткен аптада Стамбул әуежайында жергілікті полиция ұстаған Раушангүл Ташмағамбет босатылды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Өмірбек Бекалы телефон арқылы хабарлады.

- Әйелімді 19 қыркүйек күні сағат 6-да босатты. Негізінде, ешқандай заңсыздық жоқ. Баламда Қазақстан төлқұжаты, өзінде (әйелінде - ред.) Қытай төлқұжаты бар, Қазақстан төлқұжатында анасының аты жоқ емес па. Сол себепті олар Раушангүл баланы ұрлады деп күмәнданып, ұстап қалған екен. Сосын біз менің құжаттарымды, тағы екі баламның құжаттарын, туу туралы куәліктерін суретке түсіріп, Қазақстанда нотариустан алған құжаттарды апарып көрсеттік. Миграциялық полиция басшысы араласып, үш күн ішінде анықтап босатты, - деді Өмірбек Бекалы.

Ол қазір Стамбулда екенін, алда Анкараға барып, Түркиядан ықтиярхат алуға өтініш бермек ойы барын айтты.

Өмірбек Бекалы бұған дейін қыркүйектің 16-сы күні Алматыдан Стамбул қаласына ұшып келген азаматтық некедегі әйелі Раушангүл Ташмағамбет пен кенже ұлы, екі жарым жастағы Мұхаммед Өмірбекұлын "Ататүрік" әуежайында жергілікті полиция ұстап, сыртқа шығармай отырғанын хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Қытай қазағы әйелінің Түркияда ұсталғанын хабарлады

Өмірбек Бекалы әйелі мен баласы Қазақстаннан заңды түрде виза алып Түркияға ұшқанын айтқан. Оның сөзінше, өзі - Қазақстан азаматы, әйелі - Қытай азаматы болғандықтан әлі заңды некеге тұрмаған.

Әйелі мен баласы алты айдан бері Қазақстанда, өзі екі баласымен Түркияда тұрып жатқан ол әйелі мен баласы жоғалып кете ме деп қорқып, Түркияға шақыртқанын айтқан.

Өмірбек Бекалы 2017 жылы наурызда Шыңжаңдағы Тұрфан қаласы тұратын әке-шешесіне қыдырып барып, сол жерде қамауға алынғанын айтқан. Өзінің сөзінше, сегіз ай түрмеде отырған, желтоқсанда саяси тәрбиелеу орталығынан шыққан соң Қазақстанға келген. Бекалы Қазақстанда жүргенде Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталықтарындағы жағдайды бірнеше рет ашық айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG