Accessibility links

АҚШ Қытай қорғаныс министрлігіне қарсы санкция салды


Ресейдің С-400 зенит-зымыран кешені (Көрнекі сурет).

АҚШ Қытай Қорғаныс министрлігінің Ресейден ұшақтар мен зымырандар сатып алуға жауапты құрылымына Мәскеумен әскери ынтымақтастық орнатуға салынған тыйымды бұзды деп санкция салды. Мәскеумен ынтымақтастыққа тыйым "Американың қарсыластарына санкция арқылы қарсы іс-қимыл жасау туралы" заңға сай салынған.

Санкцияға Ресейдің "Рособоронэкспорт" компаниясымен "ірі көлемде" келісім жасасқаны үшін Қытай қорғаныс министрлігінің ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік конструкторлық талдамаға басшылық жасайтын қару-жарақ бас басқармасы және оның басшысы Ли Шаньфу іліккен. Санкция Қытайдың былтыр Ресейден 10 Су-35 әскери ұшағын, ал биыл С-400 зенит-зымыран кешенін сатып алғанына байланысты салынып отыр.

Жаңа санкцияға іліккендердің экспорттық лицензия алуға өтініш беруіне немесе америкалық қаржы мекемелерімен келісім жасасуына тыйым салынды.


"Пекинмен сауда-саттыққа қатысты кикілжіңге келіп қалғанымызға қарамастан, бұл санкцияда негізінен Қытай емес, Ресей нысанаға алынды" деді АҚШ билігінің өкілі.

Вашингтон Түркияға Ресейден С-400 зымыраннан қорғаныс кешенін сатып алу келісімінен бас тартқызу үшін үлкен қысым жасап отыр. АҚШ Қытайға санкция салу арқылы С-400 кешеніне қатысты өз ұстанымы берік екенін көрсеткісі келген болуы ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG