Accessibility links

АҚШ Титиевтің ісі жабық сотта қаралатындығына алаңдаушылық білдірді


Оюб Титиев.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы АҚШ миссиясы ресейлік "Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиевтің ісі бойынша сот процесін жабық өткізу туралы шешімге байланысты алаңдаушылық білдірді. АҚШ Ресейден Титиевті қамаудан босатуды талап етіп келеді. Бұған дейін Шешенстандағы Шали аудандық соты Оюб Титиевтің ісі бойынша процеске қоғамдық бақылаушылардың кіруіне тыйым салған.

АҚШ өкілдері сонымен бірге Ресей түрмесінде аштық жариялап жатқан украиналық режиссер Олег Сенцов, Мәскеуге бағынышты билік басқаратын Қырым түбегінде түрмеде отырған украиналық белсенді Владимир Балух және Қырым татарларының құқықтары бұзылып жатқаны туралы айтқан. Вашингтон Мәскеуден заңсыз ұсталып, қамалғандардың барлығын дереу бостандыққа шығаруды талап етеді. АҚШ Ресейде қыркүйектің 9-ы күні үкіметтің зейнетақы рефомасына қарсылық білдіріп шеруге шыққандарды жаппай ұстауға байланысты алаңдаушылық білдірді.


Шешенстанда биыл қаңтардың 9-ында ұсталып, "заңсыз есірткі сақтаған" деген айып тағылған Оюб Титиев содан бері қамауда отыр. Ол өзіне билік өкілдері әдейі есірткі тастап, ойдан құрастырылған айып тағып отыр деп мәлімдейді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, ресейлік оппозициялық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері билік орындарын Оюб Титиевті босатуға бірнеше рет шақырған.

"Мемориал" құқық қорғау ұйымы Титиевті Ресейдегі саяси тұтқындар тізіміне енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG