Accessibility links

БАҚ: Ресей Ассанждың Ұлыбританиядан қашуын жоспарлаған


WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж Эквадор елшілігінің балконында тұр. Лондон, 19 мамыр 2017 жыл.
WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж Эквадор елшілігінің балконында тұр. Лондон, 19 мамыр 2017 жыл.

Ресейлік дипломаттар мен WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың төңірегіндегі адамдар соңғы бірнеше жыл бойы Эквадордың Лондондағы елшілігін паналап отырған оның өткен жылы Ұлыбританиядан жасырын түрде шығып кетуін жоспарын талқылаған. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасап The Guardian хабарлады.

Басылымның жазуынша, Ассанжды Рождество мерекесі (5 желтоқсан) кешкісін елшіліктен жасырын алу шығу жоспарланған. The Guardian ақпараты бойынша, Ассанжды әуелі Эквадор елшілігінен дипломатиялық автокөлікпен алып шығып, кейін Ресей немесе Эквадорға жөнелту ойластырылған. Бірақ, операцияны өткізу белгіленген мерзімге бірнеше күн қалғанда бұл тым қатерлі деген ұйғарымға келіп, одан бас тартқан.

Бұған дейін кей басылымдар Джулиан Ассанж 2010 жылы өзіне қарсы ең алғаш рет айыптар тағылған кезде Ресей визасын алуға әрекет жасаған деп хабарлаған. Ассанждың өзі оны теріске шығарады.


Джулиан Ассанж 2012 жылдан бері Эквадордың Лондондағы елшілігін паналап отыр. WikiLeaks сайтының негізін қалаушы өзін «әйел зорлаған деп айыптап, экстрадициялауды сұраған Швеция билігінің өтінішін орындау туралы британ соты қаулы шығарған соң елшілікке тығылған. Кейін Швеция оған тағылған айыпты алып тастады, бірақ Ассанж британ үкіметі өзін ұстап, АҚШ-қа тапсыруы мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ-та Ассанж «Ресеймен байланысы болуы мүмкін» деп күдікке іліккен. Соның бір мысалы ретінде «ресейлік хакерлер серверді бұзып ұрлаған» делінетін АҚШ Демократиялық партиясы құжаттарының WikiLeaks сайтында жариялануы айтылады. Ассанж өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп, Ресеймен байланысы жоғын айтады.

Бұған дейін Эквадордың жаңа президенті Ленин Морено «ерте ме, кеш пе, Джулиан Ассанжға Лондондағы елшіліктен кетуге тура келеді» деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG