Accessibility links

Мәскеуде зейнетақы реформасына қарсы шеру өтті


Ресейде зейнетке шығу жасын ұлғайтуға қарсы акцияға қатысушылар. (Көрнекі сурет.)
Ресейде зейнетке шығу жасын ұлғайтуға қарсы акцияға қатысушылар. (Көрнекі сурет.)

Ресей астанасында бүгін биліктің келісімі бойынша "Миллиондардың әлеуметтік маршы" наразылық акциясы өтті. Бұл акция азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайтуды көздейтін үкімет ұсынған заң жобасы парламентте екінші оқылымда қаралар қарсаңда ұйымдастырылды. Ресей тұрғындары заң жобасына қарсылық білдіріп, жаздан бері бірнеше мәрте наразылық шерулерін өткізген.

Мәскеудегі бүгінгі наразылық акциясына, кей мәліметтер бойынша, 3 мыңнан 10 мың адамға дейін қатысқан.

Жиында Ресей федерациясы коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюганов үкіметтің зейнетақы реформасына жұрт қарсы екенін мәлімдеп, үкіметті сынады. Ол сонымен бірге Приморье аймағындағы сайлауда коммунист көп дауыс алғанымен, жеңісті биліктің "Единая Россия" партиясы өкіліне берген билікті сайлауды өрескел бұрмалады деп айыптады.

Мәскеуде билік келісім берген акция басталмас бұрын ол өтетін жерге "Левый фронт" қозғалысының лидері Сергей Удальцов бастаған белсенділер жиналған. Удальцов та сөзінде зейнетақы реформасына қарсылық білдіріп, Приморьедегі сайлау жайлы айтқан. Оның жақтастары "Единая Россия масқара болды!" деп айғайлаған.

Удальцов журналистерге акциялар жалғасатыны, ал өз жақтастары Ресейде зейнетақы реформасы жөнінде референдум өткізуге күш салатыны туралы мәлімдеген. Сонымен бірге "Левый фронт" қозғалысының жетекшісі сот өзіне митингілерге қатысуға тыйым салғанына қарамастан бұдан кейін де наразылық акцияларына қатысу амалын табатынын мәлімдеген. Сахаров даңғылында өзіне келген полиция өкілдеріне Удальцов оған әкімшілік қадағалау тағайындау туралы сот шешіміқолына тимегенін, оған қарсы шағым түсіретінін айтты деп хабарлайды "Настоящее время" тілшісі.


Зейнетке шығу жасын ұлғайту туралы үкімет жоспарына қарсылық акциялары бүгін Ресейдің ондаған қаласында өткен. Олардың көбін Ресей федерациясы коммунистік партиясы мен кәсіподақтар ұйымдастырған. Наразылық шараларына солшыл радикалды саяси қозғалыстардың өкілдері де қатысқан.

Шілдеде Ресей парламенті елдегі азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайтуды, яғни әйелдер үшін - 63 жас, ал ерлерге - 65 жас деп белгілеуді көздейтін үкімет әзірлеген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Үкімет реформасына қарсылық танытқан тұрғындар Ресейдің ондаған қаласында наразылық акцияларына шыққан. Қоғамдық сауалнама нәтижелері Ресей президенті Владимир Путиннің рейтингі күрт төмендегенін көрсеткен. Путин 29 тамызда өткен тікелей эфир кезінде әйелдердің зейнетке шығу жасын үкімет жоспарлаған сегіз жылдың орнына бес жылға ұзартуды және үш немесе одан да көп балалы аналарды зейнетке ертерек шығаруды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG