Accessibility links

Полиция әкімшілік қамаудан босаған Навальныйды қайта ұстады


Алексей Навальный, ресейлік оппозиционер. Мәскеу, 27 тамыз 2018 жыл.
Алексей Навальный, ресейлік оппозиционер. Мәскеу, 27 тамыз 2018 жыл.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 24 қыркүйек күні таңертең абақтыда 30 күндік әкімшілік қамауда отырып шыққан бетте ұсталды. Бұл туралы оппозиционердің серігі Леонид Волков Twitter-де хабарлады.

Кейін ол Навальныйды "Даниловский" ішкі істер бөліміне апарғанын және үстінен "Адам денсаулығына зақым келтірген митинг өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік іс қозғап жатқанын жазды. Волковтың сөзінше, мұндай бап Ресейде "ешқашан қолданылмаған". Бұл бап бойынша 300 мың рубльге дейін айыппұл салу немесе 20 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Волковтың пікірінше, Навальныйдың үстінен "ойдан құралған жаңа қылмыстық іс қозғап жатыр".

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың хабарлауынша, саясаткерге қарсы жаңа істі Мәскеудің Симоновский аудандық соты қарайды.

Тамыздың соңында сот Навальныйды 28 қаңтарда "сайлаушылар ереуілі" акциясына қатысқаны үшін 30 тәулік әкімшілік қамауға алған. Навальныйдың жақтастары оның ұсталып, қамалғанын 9 қыркүйекке жоспарланған зейнетақы реформасына қарсы акциялармен байланыстырады. Навальныйдың ұсталғанына қарамастан, жақтастары Ресейдің 83 қаласында акциялар ұйымдастырған.

Оқи отырыңыз: Ресейліктер не үшін бір-бірін жекпе-жекке шақырады?

11 қыркүйекте Росгвардия басшысы Виктор Золотов Алексей Навальныйдың Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры Росгвардия қызметкерлері мемлекеттік сатып алу кезінде заң бұзғаны туралы зерттеуін жариялаған соң Навальныйды дуэльге шақырған. Сол кезде қамауда отырған Навальный Золотовқа жауап бермеген. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры зерттеуде келтірілген ақпараты үшін сотта жауап беруге дайын екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG