Мәскеудің Симоновский аудандық соты Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорының басшысы, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды "Митинг өткізу кезінде адам денсаулығына немесе мүлкіне зақым келтіруге әкеліп соқтырған әрекет немесе әрекетсіздік" бабы бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Сот Навальныйды қамауда отырғанына қарамастан, 9 қыркүйекте Мәскеуде зейнетақы реформасына қарсы рұқсат берілмеген акцияларды ұйымдастырды деп таныды. Айыптау актісі бойынша, қарсылық акциялары кезінде демонстранттар "полиция көлігінің сыртын бүлдірген".
Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Навальный осымен 10-рет әкімшілік қамауға алынып отырғанын хабарлады. Соңғы қамау мерзімін қоспағанда ол 172 күн әкімшілік қамауда отырған.
Сот басталарда Навальный судьядан сот материалымен танысуға екі күн уақыт беруді сұрады. Ол сонымен қатар сот отырысын басқа күнге ауыстырмаса оған адвокаттары қатыса алмайтынын мәлімдеді. Навальныйды сотқа әкімшілік қамаудан босай сала алып келгендіктен, ол адвокаттарына жаңа сот болатынын хабарлай алмады.
Судья Елена Армяшина Навальныйге іспен танысуға 20 минут қана уақыт беріп, екі өтінішін де қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар ол Навальныйдың сотқа барлық куәгерді, оның ішінде өзіне хаттама толтырған полиция қызметкерлерін шақырту туралы өтінішін де қанағаттандырмады.
Бұдан соң Алексей Навальный судьяға қарсылық танытты. Судья Армяшина Навальныйдың бұл қарсылығын да қабылдаудан бас тартты.
Алексей Навальнвый 24 қыркүйек күні таңертең абақтыда 30 күндік әкімшілік қамауда отырып шыққан бетте ұсталған. Кейін Навальныйды "Даниловский" ішкі істер бөліміне апарып, үстінен "Адам денсаулығына зақым келтірген митинг өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Навальныйдың серігі Леонид Волковтың пікірінше, оның үстінен "ойдан құралған жаңа қылмыстық іс қозғап жатыр".
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Мәскеудегі өкілдігінің директоры Наталья Звягина 24 қыркүйекте Алексей Навальныйды "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Ресей билігін оны дереу босатуға шақырған.
Тамыздың соңында сот Навальныйды 28 қаңтарда "сайлаушылар ереуілі" акциясына қатысқаны үшін "митинг өткізу тәртібін екінші қайтара бұзды" деген айыппен 30 тәулік әкімшілік қамауға алған. Навальныйдың жақтастары оның ұсталып, қамалғанын 9 қыркүйекке жоспарланған зейнетақы реформасына қарсы акциялармен байланыстырады. Навальныйдың ұсталғанына қарамастан, жақтастары Ресейдің 83 қаласында акциялар ұйымдастырған.
"Агора" халықаралық құқық қорғау ұйымының басшысы Павел Чиковтің сөзінше, билік Навальныйды үстінен қылмыстық іс қозғау үшін әдейі тағы да қаматып отыр. Ресей заңдары бойынша, жарты жылда үш рет әкімшілік қамауға алынғаны және бөтеннің денсаулығына немесе мүлкіне зақым келтіргені үшін қылмыстық іс қозғауға болады.
ПІКІРЛЕР