Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі Кылычбек Султанның министрліктегі "сыбайлас жемқорлық" туралы мәлімдемесі мен еңбек және әлеуметтік даму министрінің бұрынғы орынбасары Зууракан Каденоваға қатысты оқиғаның мән-жайы туралы айтқан сөзіне комментарий берді.
СІМ Кылычбек Султан Қырғызстанның мемлекеттік қызметкер этикасы мен қызметін реттейтін заңнамасын және "қарапайым дипломатиялық әдепті бұзды" деп санайды.
24 қыркүйекте Кылычбек Султан Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізіп, СІМ-дегі "сыбайлас жемқорлық фактілері" туралы мәлімдеген әрі осыған және басқа да заң бұзушылыққа қатысы бар деп білетін министрлік қызметкерлерінің атын атаған. Султан сонымен қатар полицияның мәліметі бойынша, Зууракан Каденова Сеул әуежайында ұшақта масаң күйде болғанын және өзін "бейәдеп қылық" көрсеткенін айтқан. Дипломат дегенмен ол жерде Каденованың ішімдік ішкені, я ішпегеніне талдау жүргізілмегенін, сондықтан оның қанында алкоголь барын тексеру енді мүмкін емесін айтады. Ұшақтағы оқиғадан кейін қызметінен босатылған Каденова бұған дейін "масаң күйде жанжал шығарғаны" туралы мәлімдемені терістеген.
Оқи отырыңыз: Вице-министрдің қылығы шенеунік этикасы мәселесін қозғады
"Екіншіден, СІМ-де елшінің өзінің заң бұзғанын көрсететін мәліметтер бар. Егер олар расталса, онда ол тиісті органдарға беріледі. Дәл осы заң бұзу Кылычбек Султанды осындай әрекет жасауға итермелеген деп санаймыз" деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.
Ведомство мәлімдемесінде СІМ осы жағдайға байланысты Кылычбек Султанның қызметін одан ары атқара беруіне қатысты ұсынысты ел басшылығының қарауына ұсынатыны айтылған. Министрлік сонымен қатар, тиісті мемлекеттік органдарға Кылычбек Султан айтқан ақпараттарды зерттеуге барынша және жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірген.
Дипломат өзінде бар деректі Қырғызстан президентіне жеткізу әрекетінен нәтиже шықпағандықтан баспасөз мәслихатын өткізгенін айтады.
ПІКІРЛЕР