Accessibility links

Қарағанды облыстық соты массаж салоны иесінің үкімін өзгертпеді


Қарағанды облыстық сотының ғимараты. 25 қыркүйек 2018 жыл.

Қарағанды облыстық соты 25 қыркүйекте өткен айда "жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысуға арналған нысан ашып, оны қамсыздандырды" деген айыппен екі жарым жыл шартты мерзімге сотталған массаж салоны иесінің апелляциялық шағымын қарады. Сот алқасы сотталушы мен оның адвокатының шағымын қанағаттандырудан бас тартып, үкімді күшінде қалдырды.

Апелляциялық шағым берген әйел мен оның адвокаты Игорь Кирьянов алғашқы сот инстанциясының үкімін жойып, қылмыстық істі жабуды сұраған.

- Алғашқы сот инстанциясы біржақты шешім шығарды, менің көптеген өтінішіме назар аудармады, қарама-қайшылық көп болды. Салонда жұмыс істейтін қыздардың жезөкше болғанына ешқандай дәлел жоқ. Олар сотта өздерінің массаж ғана жасағанын айтты. Сотта мен сотталушының айтуынша өзінен ақша бопсалаған орган қызметкерінің іс-әрекетіне тексеру жүргізуді сұрадым. Сотталушы өзінің заңды түрде жұмыс істейтінін айтып, оған ақша беруден бас тартқан, - деді адвокат шағымды қарау кезінде.

Алғашқы сот инстанциясында айыптау тарабы сотталушыға екі жылға бас еркіндігінен айыру жазасын кесуді сұраған. Бүгін прокурор сот үкімін сол күйі күшінде қалдыруды және шағымды қанағаттандырмауды сұрады.

- Сот пен құқық қорғау құрылымдарына қатысты қатты сөздер айтылды. Сотталушы мен оның адвокаты пара туралы айтып отыр, олар бұл туралы неге осыған дейін тиісті органдарға шағымданбаған? Мен жезөкшелік - ол тек жыныстық қатынасқа түсу дегенмен келіспеймін. Оның басқа да тәсілдері бар. Оның (сотталушының - ред.) іс-әрекеті дұрыс дәрежеленген, - деді прокурор.

Алғашқы инстанция сотында сотталушы массаж салонында заңға қайшы әрекеттер жасалмағанын, эротикалық массажды жезөкшелік деп қарастыруға болмайтынын айтып, айыпты терістеген. Ол мұндай қызмет түрі Қарағанды облысындағы басқа да салондарда көрсетілетінін айтқан.

Тергеу тұжырымы бойынша, Қарағандыда салон деген атаумен "жезөкшелер үйі" жұмыс істеген, ал оның қызметкерлері клиенттерге массаж жасап қана қоймай, интим қызмет көрсеткен. Сотқа куәгер ретінде шақырылған полиция қызметкерінің сөзінше, "іс массаж салоны деген нысанда жезөкшелер үйі бар деген ақпарат негізінде қозғалған". Сотта полицияның массаж бөлмелерінен түсірілген бейнежазбаны алып, жасырын тергеу жүргізгені, кейін ол бейне жазбаға сарапшы талдау жүргізіп, салонда көрсетілетін қызмет массаж емес деген қорытынды жасағаны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG