Accessibility links

Шымкентте кәсіподақ төрағасы үстінен іс қозғалғанын хабарлады


Ерлан Балтабай, Шымкенттегі "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы.

Шымкенттегі "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қылмыстық іс қозғалып, кәсіподақ кеңсесіне тінту жүргізілді.

Ерлан Балтабайдың Азаттыққа айтуынша, "Лайықты еңбек" кәсіподағының мүшесі Роза Нұрекеева "кәсіподақ ақшасын ұрлады" деп үстінен арызданған. 25 қыркүйек күні полиция қызметкерлері кәсіподақ кеңсесіне тінту жүргізіп, құжаттарды тәркілеген.

- Кәсіподақтар туралы заңның "Кәсіподақ органдарының қызметі үшін материалдық жағдайлар" бабында "Кәсiподақ мүшелерінің өздерi кәсіподаққа берген мүлiкке және мүшелік жарналарға құқықтары жоқ" делінген. Яғни, кәсіподақ мүшесі Роза Нұрекееваның менің үстімнен арыздануға құқығы жоқ. Егер күдік болатын болса кәсіподақ кезектен тыс конференция өткізіп, мені орнымнан түсіру керек. Заң бойынша, кәсіподақ мүшесі емес, жаңадан сайланған төраға ғана менен есепті талап етіп, сотқа бере алады. Меніңше, бұл жерде мәселе менде емес, кәсіподақтың ісін тоқтату мақсаты тұр, - дейді ол.

Ерлан Балтабай полиция қызметкерлері алдын-ала тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан өзінің үстінен қай баппен іс қозғалғаны туралы ақпарат бермегенін айтады.

Азаттық тілшісі Ерлан Балтабайдың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын анықтамақ болып Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына хабарласты. Бірақ басқарманың баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG