Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) антитеррорлық орталық штабы басшысының орынбасары Герман Диденко елде азаматтарды арнайы қызмет "ең алдымен азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғана жұмыс істейтінін" мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада өтіп жатқан қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс жөніндегі республикалық конференцияда айтты.
Диденко журналистердің "Терроризмге қарсы шаралар аясында азаматтарды жаппай аңду күшеймей ма?" деген сұрағына "Қазақстанда алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік жүйелері ғана жұмыс істейді. Ел азаматтары тыныштықта, жайлы өмір сүріп, жұмыс істеп, бизнеспен айналыса алуы керек. Мұның қатаң аңдуға еш қатысы жоқ. Терроризмге қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Онда барлығы жазылған" деп жауап берді.
Көрмеге дрондар мен оларға қарсы зеңбірек түрлері, тыңдау құрылғыларына қарсы жүйелер, кішігірім радиолокациялық аппараттар, қала аумағындағы бұзақылыққа қарсы арнайы жасақ киетін сауыт-сайман мен беренді көліктер және тағы басқа құрылғылар қойылды. Қазақстандық және шетелдік компаниялардың бұл тауарларын арнайы күш құрылымдарымен қатар күзет фирмалары да пайдалана алады.
Антитеррорлық шарада көрмеге қоса ақпараттық қауіпсіздік және киберқылмыстармен күрес бойынша конференция өтіп жатыр. Көрме үш күн болады.
Диденконың сөзінше, Қазақстанда заманауи қауіпсіздік жүйелерін, техникалар мен қару-жарақ алуға 200 миллиард теңгеден (560 миллион доллар) астам қаржы бөлінген. Бұл қаржының 70 миллиард теңгесі 2019 жылға арналған.
ПІКІРЛЕР