Accessibility links

Ақтөбе полициясы "инспектордың оқушыны қинағанын" терістеді


Ақтөбедегі №2 орта мектеп. 26 қыркүйек 2018 жыл.
Ақтөбедегі №2 орта мектеп. 26 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбе полициясы "мектеп инспекторы оқушыны электрошокермен қинады" деген ақпаратты жоққа шығарды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбедегі №2 мектептің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы "оқушыға қол жұмсағаны рас". Бірақ инспектор электрошокер қолданбаған. Оқушыға қол жұмсау дерегі 22 қыркүйек күні тіркелген. Полиция мектеп инспекторының қызметтік тексеру аяқталғанша жұмысынан шеттетілгенін айтады.

Ақтөбедегі №2 мектеп директоры Сәния Дәнешованың айтуынша, 22 жастағы инспектор қызметіне биыл 1 қыркүйек күні кіріскен. Небәрі 22 күн еңбек еткен Елек полиция бөлімінің қызметкерін мектеп ұжымы "жауапкершілігі зор маман" деп сипаттайды.

- Жас инспектор 22 қыркүйек күні жоғарғы сыныпта оқитын ер баламен шекісіп қалып, соққыға жыққан. Бұл жөнінде дереу тиісті орындарға хабарланды. Оқушының жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр, - дейді Сәния Дәнешова.

Осы оқиғадан бірер күн бұрын мектеп инспекторы өзі құралпас балаларды электрошокермен қорқытып жүрген жасөспірімді ұстап алған. "Электрошокер ұстап жүрген бала бізбен іргелес №31 мектептің оқушысы болып шықты. Мектеп инспекторы хаттама толтырып, болған жайтты тиісті органдарға хабарлады. Баланы электрошокермен қинаған деген қауесет осыдан шықса керек" дейді №2 мектептің вахтері Светлана Майер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG