Accessibility links

Өзбек диссиденті Толиб Якубов еліне оралды


Толиб Якубов, өзбекстандық құқық қорғаушы
Толиб Якубов, өзбекстандық құқық қорғаушы

Өзбекстанның Адам құқықтары қоғамының басшысы, кезінде Ислам Каримов режимін ашық сынаған Толиб Якубов 12 жыл қуғыннан кейін отанына оралды.

78-дегі өзбек диссиденті Толиб Якубовты 26 қыркүйекте Ташкент әуежайынан оның туыстары мен әріптестері күтіп алды. Якубовтың өзі әуежайда ешқандай проблема болмағанын айтады.

2007 жылы арнайы қызметтің қуғынынан соң елден кетіп қалған құқық қорғаушыны Өзбекстан билігі ұзамай азаматтығынан айырған.

Биыл тамыздың ортасында Франциядағы Өзбекстан елшілігі Толиб Якубовқа телефон шалып, отанына оралу үшін бір жылға виза ала алатынын хабарлаған.

"Консул маған сіз ешқандай қауіп-қатерсіз Өзбекстанға бара аласыз, Ташкентте проблема болмайды деді. Елшілік мені өте жақсы қабылдады. Он минуттың ішінде бір жылға виза берді. Екі жылдан кейін мен 80-ге толамын. Мен сырқатпын, енді Өзбекстан билігіне қандай зиян әкелуім мүмкін? Мен туған жерімді сағындым" дейді Толиб Якубов.

Келесі айда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ресми сапармен Францияға барады. Бұл - Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан президенті ретінде Еуропаға алғашқы сапары болмақ.

Толиб Якубов Өзбекстанда Адам құқықтары қоғамының негізін қалаған. 2005 жылы Әндіжан оқиғасынан кейін елден кетуге мәжбүр болған. Франциядан саяси босқын мәртебесін алған ол ұйымын тіркеп, шетелде құқық қорғау қызметін жалғастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG