Accessibility links

Экобелсенді АМТ компаниясынан кешірім сұрады


Теміртау экологиясы туралы бірнеше видеоролик түсірген тұрғын Станислав Войцеховский. 7 қыркүйек 2018 жыл.
Теміртау экологиясы туралы бірнеше видеоролик түсірген тұрғын Станислав Войцеховский. 7 қыркүйек 2018 жыл.

Теміртаулық экобелсенді Станислав Войцеховский әлеуметтік желілердің бірінде видеоүндеу жариялап, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан және қала тұрғындарынан кешірім сұрады.

Войцеховский бұған дейін "Теміртау! ЖЭО-2, төтенше жағдай" және "Теміртаудағы қышқыл көлі" атты видеороликтер жариялаған. Кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы видеороликтегі айтылған деректермен келіспейтінін айтып, белсендіні сотқа берген.

Оқи отырыңыз: Алып кәсіпорын экобелсендіні сотқа берді

Войцеховский кешірім сұраған видеоүндеуінде "роликте айтылған деректер шындыққа жанаспайтынын айтқан".

- Жанжалды шешу үшін кешірім сұрау керек деп шештім. Мәмілеге келу келісіміне сай видеороликтерді жойып, онда айтылған сөздерімді жоққа шығаруым керек, - деді белсенді Азаттық тілшісіне.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы директорының кеңесшісі Алексей Агуреев: "Видеоблогер бұрын айтқан сөздерін жоққа шығарып, тұрғындар мен компаниядан кешірім сұрады. Біз кез келген ашық диологқа дайынбыз. Белсенділермен жиі кездесіп, экологиялық шаралар ұйымдастырамыз. Журналистер мен блогерлерді де өнеркәсіп базаларымызға шақырып тұрамыз" дейді. .

Агуреев "белсенді Войцеховский үстінен сотқа түсірілген арызды қайтарып аласыздар ма?" деген сауалға жауап беруден бас тартты.

Денсаулық сақтау департаментіндегі шенеуніктер Теміртау тұрғындарының тыныс жолдары, қан айналымы мен онкологиялық сырқатқа шалдығу деңгейі облыстағы орташа деңгейден артық екенін мойындайды. Солай бола тұра, себеп мен салдарының байланысы айтылмады, сырқаттың себебі арасында "экологиялық фактордың болуы мүмкін" деп қана айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG