Accessibility links

Прокурор Виктор Храпуновқа түрме жазасын сұрады


Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.
Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.

Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен әйелі Ләйла Храпуноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға түрме жазасын сұрады.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, жарыссөз кезінде прокурор Алмас Байбарақов Виктор Храпуновты 20 жылға, Ләйла Храпунованы 17 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеуді және мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.

Прокурор сонымен қатар Қазақстан президенті атына Храпуновты ордендері мен наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасауды айтты.

Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру”, “алаяқтық”, “пара алу” айыптары тағылған. Виктор Храпуновқа сонымен бірге “өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену” және "қызмет бабын асыра пайдалану" баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Бұл іс бойынша Храпуновтардан өзге тағы он адам сотқа тартылған. Олардың барлығы Алматы әкімдігінде әр жылдары түрлі қызметтер атқарған. Олар: Яков Заяц, Ғабиден Қайымсұлтанов, Аяр Ілиясов, Қуандық Бискультанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов және Абдул-Ғазиз Мұқашев. Бұл азаматтарға ақша жымқыру және қылмыстық топқа қатысы бары туралы айыптар тағылып отыр.

Сот ерлі-зайыпты Храпуновтар мен Аяр Ілиясовты қамау туралы сырттай шешім шығарған. Ал қалған азаматтардан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

Бұған дейін ерлі-зайыпты Храпуновтар мен "олардың сыбайласы" деп саналатын Аяр Ілиясов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге бірнеше мәрте шақырылған, бірақ олар келмеген.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 69 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG