Accessibility links

БАҚ: Солсберидегі қастандыққа қатысқан үшінші күдікті анықталды


Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальдің улануына күдіктілер. Ұлыбритания полициясы жариялаған кадр.
Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальдің улануына күдіктілер. Ұлыбритания полициясы жариялаған кадр.

Ұлыбритания арнайы қызметі Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальге у беруге қатысқан үшінші күдіктінің кім екенін анықтады. Бұл туралы Telegraph газеті хабарлады.

Басылым мәліметі бойынша, Ресей әскери барлау қызметінің офицері Ұлыбританияға у әкелген екі әріптесінен бұрын Солсбериге барған. Бірақ басылым үшінші күдіктінің есімін атамады. Telegraph-тың хабарлауынша, күдікті жергілікті жерді барлап, шабуылды жоспарлауға көмектескен болуы мүмкін.​

Британ полициясы "Руслан Боширов" және "Александр Петров" есімді азаматтарға Солсберидегі шабуылды жүзесе асырды деген күдік келтірген. Өздерін "Боширов" және "Петров" деп таныстырғандар Кремль бақылауындағы RT телеарнасының эфирінде сөйлеген. Сұхбатта олар Ресей барлауына ешқандай қатысы жоқтарын айтқан. "Петров" пен "Боширов" осыдан кейін БАҚ-пен байланысқа шықпады, олардың қайда екендігі де белгісіз.

Бірер күн бұрын Bellingcat және The Insider зерттеу ұйымдары "Руслан Боширов" ГРУ полковнигі Анатолий Чепиганың бүркеншік есімі екенін анықтағанын хабарлаған. Зерттеу мәліметінше, Чепигаға Ресей Батыры атағы берілген.

Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: "Руслан Боширов" – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига"

Наурыздың 4-інде Солсбери қаласында белгісіз заттан қатты уланған бұрынғы ресейлік барлау қызметінің агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларды ажалдан алып қалған. Маусымның 30-ы күні Солсбериге жақын маңда тағы екі адам – британ азаматтары Дон Стерджесс пен Чарли Роули уланған. Полицияның болжамы бойынша, ресейліктер пайдаланғаннан кейін лақтырып тастаған иіссу құтысын тауып алған Чарли Роули оны Дон Стерджесске сыйлаған. Стерджесс қайтыс болған, удан зардап шеккен Роули дәрігерлердің бақылауында.

Лондон бұл төрт адам СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, Скрипальдарға қарсы жасалған қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарып, қастандықты зерттеуге өз мамандарын жіберуді талап етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG