Accessibility links

ТМД елдері басшылары саммитінде бірнеше құжат қабылданды


ТМД елдері басшыларының саммиті. Душанбе, 28 қыркүйек 2018 жыл.
ТМД елдері басшыларының саммиті. Душанбе, 28 қыркүйек 2018 жыл.

Душанбеде ТМД елдері басшыларының саммиті аяқталды. Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшылары жиында ТМД елдерінің ұйым аумағында қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, транспорт және коммуникация мәселелерін талқылады. Сонымен қатар тауарды еркін тасымалдау, инвестиция, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.

Ақорда баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны реформалау және оның негізгі құжаттарын жаңарту шараларының маңызды екенін айтты. Назарбаев сонымен бірге ТМД-ның экономикалық байланыстарын нығайту, мүше елдер арасындағы сауда кедергілерін жою шараларын жүргізу керегін жеткізді.

Жиын соңында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыспен күресте ынтымақтастық орнату туралы келісім, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану және зерттеудегі ынтымақтастық туралы конвенция және тағы бірнеше құжатқа қол қойылды.

Саммитке Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысты. Саммитке Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің орнына осы ел вице-премьері келді. Жиынға Украина президенті Петр Порошенко да жиынға қатыспады. Украина 2014 жылы ТМД құрамынан шығатыны туралы мәлімдегенімен, заңды түрде әлі ТМД мүшесі.

ТМД елдері басшыларының келесі саммиті 2019 жылы 11 қазанда Ашғабадта өтетін болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG