Accessibility links

Македониялықтар ел атауын өзгертуді қолдады


Македониядағы ел атауын өзгертуге қарсылық акциясы. Скопье, 30 қыркүйек 2018 жыл.
Македониядағы ел атауын өзгертуге қарсылық акциясы. Скопье, 30 қыркүйек 2018 жыл.

Македонияда алдын ала есеп бойынша, жексенбіде өткен референдумға қатысқан азаматтардың 90 пайыздан астамы Еуропа Одағы мен НАТО-ға қосылу үшін ел атауын өзгертуді қолдады. Сайлаушылар елді “Солтүстік Македония” деп атау туралы Грециямен жасалған келісімге қатысты пікірлерін білдірді. Референдумға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 34 пайызы қатысты. Референдум өтті деп танылу үшін оған сайлаушылардың кем дегенде 50 пайызы қатысуы тиіс.

Македония премьер-министрі Зоран Заев дауыс берудің сәтті өткенін айтып, барлығын халықтың пікірін құрметтеуге шақырды. "Азаматтар еркін дауыс берді. Әркім өз пікірін ашық білдірді. Бұл - демократия мен еуропалық Македонияның табысы" деді Заев референдумнан соң.

Референдумға бойкот жариялауды жақтайтын жүздеген адам дауыс берудің алдын ала нәтижесін күтпестен Скопье көшелеріне шығып, Еуропа Одағы мен НАТО құрамына кіру үшін ел атауын өзгерту идеясына қарсылығын білдірді.

Македонияда 1 миллион 800 мың адам дауыс беру құқығына ие. Бақылаушылардың хабарлауынша, дауыс беруде айтарлықтай заң бұзу болған жоқ.

Елдің атауын өзгертуді бұған дейін парламент мақұлдаған. Алайда, оппозициялық партия мүшесі, ел президенті Георге Иванов бұған қарсылық танытқан.

БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөйлеген президент бұл референдумға қатыспауға шақырған. Бойкотты қолдаған кейбір саясаткерлер Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасауды қолдайды. Ал Ресей НАТО-ның ұлғайғанын қаламайды.

Бұған дейін Македония мен Грекия бұрынғы югославиялық республиканы Солтүстік Македония деп атауға келіскен. Македония премьер-министрі Зоран Заев маусым айында бұл келісім македониялықтардың этникалық және мәдени идентификациясын сақтап қалатынын айтқан. Ал Грекия премьер-министрі Македония мемлекетінің жаңа атауы ұлттық және халықаралық құжаттарда көрсетіледі деп айтқан. Әйткенмен, ел атауын өзгертуге қатысты елде түрлі пікір бар.

Құрамында Македония провинциясы бар Грекия мен бұрынғы Югославиядан 1991 жылы бөлініп шыққан Македония арасындағы дау 27 жылға созылған.

Зоран Заев бұған дейін егер парламент ел атауын өзгерту туралы шешім қабылдамаса, елде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетінін ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG