Accessibility links

SOHR: Сирияда Ресей әскери операциясынан мыңдаған адам қаза тапқан


Идлиб провинциясының Абу-Духур ауданында тексеру бекетіне Ресей туын тігіп жатқан ресейлік сарбаздар. Сирия, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Соңғы үш жылда Сирияда Ресей жүргізген әскери операциядан 18 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Олардың үш мыңы – әйелдер мен балалар. Бұл жөнінде штаб пәтері Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights орталығы (SOHR) мәлімдеді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бастапқыда Мәскеу Сирия президенті Башар Асадқа аймаққа бақылауды екі есеге кеңейтуге көмектескен.

Құқық қорғаушылар халықаралық қауымдастықтың Мәскеуге ықпал ете алмай отырғанын айтып қынжылады. Олар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Сириядағы соғысты тоқтатып, әскери қылмыс жасағандарды жазаға тартуын сұрады.

Мәскеу Ресей әскері үш жыл ішінде Сирияда 85 мың терроршының көзін жойғанын мәлімдеді. Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімет бойынша, соғыста 112 Ресей сарбазы қаза тапқан, сегіз ұшақ пен жеті тікұшақ апатқа ұшыраған.

Осыған дейін америкалық шенеуніктер АҚШ бастаған халықаралық коалицияның "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына қарсы операцияларынан 1100 бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлімдеген. Бірақ құқық қорғаушылар бұл көрсеткіш алты есеге көп дейді.

Ресей Сириядағы соғысқа ресми түрде 2015 жылы 30 қыркүйекте араласқан. Мәскеу ол кезде Дамаск терроризммен күресте көмектесуді сұрағанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG