Индонезия 1 қазанда халықаралық қауымдастықтан жер сілкінісі мен цунами салдарын жоюға құтқарушылар көмегі мен гуманитарлық көмек сұрады.
Индонезия президенті Джоко Видодо құтқарушыларға 28 қыркүйекте Сулавеси аралында болған жер сілкінісі мен одан кейін тұрған цунами салдарынан үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін арнайы техникалар керегін мәлімдеді. Ол сонымен қатар жанармай, электр қуаты мен азық-түлік тапшы екенін, себебі табиғи апаттан дүкендер мен сауда орталықтарының көбі жабылып қалғанын айтады.
Билік жер сілкінісінен жолдар бұзылғандықтан, аралдың көп жеріне бару қиынға соғып тұрғанын айтады.
Индонезия вице-президенті Юсуф Калла 30 қыркүйекте жолдары жабылып, байланыс үзілген қашықтағы елді мекендерден де адамдардың үйінділер астында қалғаны туралы ақпараттар түсіп жатқанын, сондықтан құрбандар саны "мыңдаған адамға" жетуі мүмкін екенін хабарлаған.
28 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша кешкі алтыда қуаты 7,4 магнитудаға жететін жер сілкінісі болған. Жер дүмпуінің эпицентрі Сулавеси аралындағы Палу қаласынан 80 шақырымда тіркелген. Соңғы мәлімет бойынша, жер сілкінісі мен цунамиден қаза тапқандар саны 832 адамға жетті.
Көп адам 7,5 балдық жер сілкінісінен кейін қираған ғимараттардың астынан шыға алмай қалған. Елде құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Халықаралық Қызыл Крест ұйымының есебінше, Индонезиядағы табиғи апаттан 1,6 миллион адам зардап шегіп отыр.
Палуда шамамен 350 мың адам тұрады. 260 миллион халқы бар Индонезияда жер сілкінісі жиі болады.
ПІКІРЛЕР