Accessibility links

АҚШ сенаторы Бішкекті Азимжан Асқаровты босатуға шақырды


Азимжан Асқаров, қырғызстандық құқық қорғаушы.
Азимжан Асқаров, қырғызстандық құқық қорғаушы.

Америкалық республикашыл сенатор Марк Рубио Қырғызстан билігін түрмеде отырған құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты босатуға шақырды. Бұл туралы сенатор Twitter-дегі парақшасында жазды. Сенатор хабарламасында Азимжан Асқаров 2010 жылдан бері қамауда отырғанын, "сөз еркіндігі мен өз пікірін ашық білдіру қылмыс емесін" айтады.

Ұлты өзбек Азимжан Асқаров қамалғанға дейін Базар-Коргон ауданында тұрып, құқық қорғау қызметімен айналысқан. Ол 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген.

2016 жылы сәуірде БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті Қырғызстан билігінен Азимжан Асқаровты ақтап, түрмеден босатуды талап еткен. Осыдан кейін Асқаров пен оның адвокаттары Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұраған еді.

12 шілдеде Жоғарғы соты Асқаровтың ісін Шу облыстық сотына қайта қарауға жіберген. Бірақ 2017 жылы 24 қаңтарда Шу облыстық соты Азимжан Асқаровты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы Базар-Коргон аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырған.

2010 жылғы этникалық қақтығыстан 450-ден астам адам қаза тауып, ондаған мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG