Accessibility links

Тұтқын Олег Сенцов аштық акциясын тоқтатады


Тұтқын Олег Сенцовты Лабытнанги ауруханасында дәрігер қарап жатқан сәт. Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық округінің Федералдық жазаны атқару қызметі 29 қыркүйекте таратқан сурет.
Тұтқын Олег Сенцовты Лабытнанги ауруханасында дәрігер қарап жатқан сәт. Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық округінің Федералдық жазаны атқару қызметі 29 қыркүйекте таратқан сурет.

Ресей түрмесінде отырған украиналық режиссер Олег Сенцов қазанның 6-сы күні аштық акциясын тоқтатады. Ол 145 күн бойы тамақ ішуден бас тартқан. Тұтқын аштық акциясын доғаратыны туралы адвокаты Дмитрий Динзе арқылы таратқан жазбаша мәлімдемесінде айтқан.

Сенцов мәлімдемесінде аштықтан денсаулық жағдайы шегіне жетіп, ішкі мүшелерінде қатерлі өзгерістер пайда болғандықтан билік өзін мәжбүрлі түрде тамақтандыруды жоспарлағанын айтады.

"145 күн күресіп, 20 келі салмақ жоғалтып, оның үстіне денсаулыққа нұқсан келді, бірақ мақсатқа сол күйі жеткен жоқпын", - деген Сенцов.

"Настоящее время" сайты жариялаған Олег Сенцовтың хаты.
"Настоящее время" сайты жариялаған Олег Сенцовтың хаты.

Олег Сенцов Ресей түрмелеріндегі украиналық саяси тұтқындардың барлығын бостандыққа шығару туралы талап қойып, 2018 жылғы мамырдың 14-інен бастап тамақ ішуден бас тартқан. Аштық акциясы кезінде режиссер оның денсаулығына жәрдемдесетін терапия алуға келісім берген.

Қыркүйектің соңында Сенцовты түзеу колониясынан Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық аймағындағы Лабытнанги қалалық ауруханасына жеткізгені мәлім болған. Бұған дейін оның адвокаты Динзе тұтқынның билік өзін мәжбүрлеп тамақтандырады деген қауіппен ауруханаға жатудан бірнеше рет бас тартқаны туралы айтқан.

Қазанның 2-і күні адвокат Дмитрий Динзе Сенцовтың бауыры мен бүйрегіне ауырлық түскенін хабарлаған. "Оның жүрегі әлсіз соғады, аяқтары ауырады, оған қоса аштық кезінде гипокия, бүйрек пен бауыр аурулары пайда болған. Оған дәрілер жазып берген", - деген адвокаттың сөзін келтірген РБК сайты.


Жұма күні таңертең Динзе Лабытнанги қаласына жақын Салехард әуежайында түсірілген фотоны жариялаған.

Сол күні Ресей федералдық жазаны орындау қызметі Олег Сенцовтың аштықты тоқтатаныны туралы хабарлаған.

"Мен оған (Сенцовқа - ред.) ары қарай да өмір сүру керегін, өмір жалғасатынын түсіндіре алған дәрігерлеріміз бен Лабытнанг ауруханасы дәрігерлеріне және адвокаттарға алғыс айтамын. Оны ақырында біздің дәрігерлер, мамандарымыз көндірді. Ол өмірді таңдады», - деп мәлімдеген Федералдық жазаны орындау қызметі директорының орынбасары Валерий Максименко. МБХ медиа сайтына ол Сенцовтың аштық акциясын бір апта бұрын тоқтатқаны туралы хабарлаған.

Ресей соты Олег Сенцовты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде 2014 жылы ұстап, "теракт ұйымдастырмақ болған" деген айыппен 2015 жылғы тамызда 20 жылға соттаған және жазаны өтеуге қатаң тәртіптегі колонияға жіберген. Құқық қорғаушылар мен Сенцовтың өзі бұл іс қолдан құрастырылған деп біледі.

Соңғы айларда әлемде 100-ден астам мәдениет қайраткерлері, құқық қорғаушылар мен Батыс елдерінің лидерлері Ресей билігінен Олег Сенцовты түрмеден дереу босатуды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG