Accessibility links

Индонезияда 1800 адам қаза болып, бес мың кісі хабарсыз кеткен


Құтқарушылар апат болған аймақта жұмыс істеп жатыр. Палу, Индонезия, 2 қазан 2018 жыл.
Құтқарушылар апат болған аймақта жұмыс істеп жатыр. Палу, Индонезия, 2 қазан 2018 жыл.

Индонезияда зілзала мен цунами салдарынан бес мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Осы кезге дейін құтқарушылар табиғи апаттан мерт болған 1763 адамды тапқан. Құтқару-іздестіру жұмыстары қазанның 11-іне дейін жалғасады деп хабарлайды Sky News.

Телеарнаның дерегінше, апат салдарынан тұтас аудандар, соның ішінде бірнеше ауыл лай-топан мен қирандылар астында қалған. Шенеуніктер апат болған аймақта қаза болған жүздеген адамды топырақ басып қалғандықтан, олардың бұзыла бастаған денелері лаймен араласып, аурудың тарауына себеп болмасы үшін ауыр техникаларды абайлап қолдануға шақырған.


Reuters ақпаратында апат салдарынан 66 мыңнан аса ғимараттың бүлінгені айтылған. Әсіресе жері жұмсақ аудандар қатты зардап шеккен.

Аптаға жуық уақыт бұрын Сулавеси аралындағы Палу қаласы ауданында бірнеше қуатты жер сілкінісі болған. Оның арты цунамиге ұласып, кейін жанартау атқылаған, одан ұшқан күл төрт километр биікке көтерілген.

Сулавесидегі құтқару операцияларына армия мен полицияның қосымша бөлімшелері жұмылдырылған. Апат аймағында ауыз су, азық-түлік, отын мен күнделікті тұтынуға қажетті заттар жетіспей жатқаны хабарланды. Ел билігі халықаралық жәрдем қабылдауға әзір екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG