Accessibility links

Сот Козловтың жазаны алмастыру туралы өтінішін қарай бастады


Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер. Алматы, 9 қазан 2018 жыл.
Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер. Алматы, 9 қазан 2018 жыл.

Алмалы аудандық сотында қазанның 9-ы күні оппозициялық саясаткер, сот тыйым салған "Алға" саяси партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козловтың өзіне тағайындалған жазаны өзгерту туралы шағымы қарала бастады.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Владимир Козлов соттан өзіне тағайындаған шартты жазаны айыппұлмен ауыстыруды сұрап, 24 қыркүйекте арыз түсірген. Бүгін арыз бойынша өткен алдын ала сот тыңдауында Козлов Ресейдің Краснодар қаласында тұратын, науқас қарт әке-шешесінің халін сұрауға баруы керегін айтты. Ол сонымен қатар Краснодарда емделгісі келетінін білдірді. Судья Болатбек Зағиев оған әке-шешесінің Краснодарда тұратыны туралы анықтама және денсаулығының нашарлығын растайтын құжаттар әкелуін сұрады. Судья Козловқа аталған құжаттарды жинағанда хабарласуын, келесі сот отырысы сол кезде белгіленетінін айтты. Судья сотта сурет пен видеоға түсіруге рұқсат бермеді.

2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай - 2012 жылы қаңтарда қамауға алынған Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыпталып, сол жылы қазанда жеті жарым жылға сотталған еді. 2016 жылы 19 тамызда Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шыққан Козлов содан бері апробацияда жүр. Оның айтуынша, шартты жаза мерзімі 2019 жылдың шілдесінде аяқталады.

Оқи отырыңыз: «Өзін билікпіз дейтіндерге менен төнер еш қауіп жоқ»

2011 жылы Жаңаөзенде бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі желтоқсанның 16-сы күні тәртіпсіздіктерге ұласып, полиция оқ атқан. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 16 адам мерт болып, 100-ден астамы жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG