Accessibility links

Сенцов Андрей Сахаров сыйлығына үміткерлер тізіміне енді


Украиналық режиссер Олег Сенцов Ресейдің Дондағы Ростов қаласындағы сотта. 25 тамыз 2015 жыл.
Украиналық режиссер Олег Сенцов Ресейдің Дондағы Ростов қаласындағы сотта. 25 тамыз 2015 жыл.

Ресейде теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен сотталған украиналық режиссер Олег Сенцов Андрей Сахаров атындағы сыйлыққа ең ықтимал үміткерлердің тізіміне енді. Биыл бұл сыйлықтың тағайындалғанына 30 жыл толады. Сыйлық әлемде адам құқықтарын қорғауға ерекше үлес қосқан адамдар мен ұйымдарға беріледі.

Сыйлықтан үміткерлер Еуропа парламенті комитеттерінің бірлескен отырысында дауыс беру арқылы таңдалады. Биыл тізімге енген үш үміткер қатарында Сенцовтан өзге Мароккодағы сыбайлас жемқорлықпен күресуші, өз елінде "мемлекет қауіпсіздігіне қарсы астыртын сөз байласты" деген айыппен 20 жылға сотталған Насер Зефзафи мен босқындар құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйым бар.

Сенцовті бұған дейін Сахаров сыйлығына Еуропа парламентіндегі ең ірі фракция - Еуропа халықтық партиясы ұсынған. Партия өкілдері Сенцов "іс жүзінде Ресейдің Қырымда билік орнатқанына қарсылық танытқаны үшін сотталғанын" мәлімдеген. Депутаттар Сенцов "Қырымдағы ресейлік басқыншы күштер заңсыз ұстап, ұзақ мерзімдерге соттаған 70-ке тарта украин азаматының символына айналғанын" айтқан.

Сахаров атындағы сыйлықтың иегері Еуропа парламенті фракциялары төрағаларының 25 қазанда өтетін конференциясында анықталады. Сыйлықпен марапаттау рәсімі 12 желтоқсанда Страсбургте парламенттің пленарлық отырысында өтеді.

Сыйлықпен бірге 50 мың еуро көлемінде ақшалай жүлде беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG