Accessibility links

Ингушетияда Шешенстанмен келісім бойынша дауыс беру өтпей қалды


Ингушетиядағы Шешенстанға жер беруге қарсылық акциясы. 8 қазан 2018 жыл.
Ингушетиядағы Шешенстанға жер беруге қарсылық акциясы. 8 қазан 2018 жыл.

Ингушетияда депутаттардың парламент отырысына келмей қалуынан Шешенстанмен жаңа шекараны белгілеу мәселесі бойынша кезектен тыс дауыс беру өтпей қалды. Кездесу басталар алдында дауыс беруге 12 депутат қана тіркелді. Келісімді дауысқа салу үшін кемінде 17 депутат болуы тиіс.

Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 26 қыркүйекте екі республика арасындағы әкімшілік шекараны бекіту туралы келісімге қол қойған. Құжатта екі аймақ арасында жер алмасу қарастырылған. Келісімге Ингушетия тұрғындарының көпшілігі қарсы. 4 қазанда Магас қаласында жаппай қарсылық акциялары басталған.

Ингушетияда мыңдаған адам көшеге шығып, келісімге наразылықтарын білдірген соң билік 15 қазанға дейін акция өткізуге рұқсат берген. Тек акциялар жаңа алаңда өтетін болып, түнде көшеге шығуға тыйым салынған.

8 қазан күні митингіде Ингушетияның бұрынғы басшысы Руслан Аушев сөйлеп, республика басшылығы Шешенстанмен келісім жасасуда қателік жібергенін мәлімдеген. "Бұл мәселені халықпен келісіп алу керек еді" деген Аушев. Республиканың конституциялық соты халық жағына шығып, Шешенстанмен келісім бойынша референдум өтуі қажетін мәлімдеді.

Ингушетия парламентінің бірнеше депутаты келісім мақұлданғанға дейін екінші рет дауыс беру өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ республика басшылығы бұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG