Accessibility links

"Әкімдік есігін бұзған тұрғын" қала билігіне 3 млн теңге төлейді


Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимараты маңында тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 12 мамыр 2018 жыл.
Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимараты маңында тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 12 мамыр 2018 жыл.

Ақтөбе облыстық соты "жеке көлігімен әкімдік есігін бұзып кірген" жергілікті тұрғын Бауыржан Анапин облыстық әкімдік пайдасына 3 миллион 263 мың теңге материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

Биыл 12 мамыр күні "ішімдік ішкен күйі әкімдіктің есігін қиратқан" Бауыржан Анапин әкімдіктің шығынынан бөлек 98 мың теңгені мемлекеттік баж ретінде төлеуі тиіс.

Әкімдіктің есігін бұзып кіргеннен кейін 14 мамыр күні Ақтөбенің әкімшілік соты Бауыржан Анапинді он тәулікке қамау туралы қаулы шығарған. Бауыржан Анапиннің үстінен әкімшілік кодекстің "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған.

Ақтөбе облыстық ІІД сол кезде таратқан мәліметінше, 12 мамыр күні сағат 11.56 шамасында полицияның жедел басқару пультіне Nissan Patrol маркалы автокөлікті ішімдік ішкен азаматтың жүргізіп келе жатқандығы туралы хабар түскен. Алайда, көлік жүргізушісі полицияның көлікті тоқтату туралы талабын орындамай, облыстық әкімдік ғимаратының орталық есігіне соғылған.

Полиция автокөлік рөлінде болған 53 жастағы Бауыржан Анапиннің бұрын отбасының шырқын алып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған хабарлаған. Наркология орталығы оның оқиға болған күні ішімдік ішкенін анықтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG