Accessibility links

Трамп журналистің жоғалуына қатысты Сауд Арабиясы басшыларымен сөйлесті


Human Rights Association ұйымының белсенділері Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығы алдында жоғалып кеткен журналист Жамал Хашоггидің суретін ұстап наразылық танытып тұр. 9 қазан 2018 жыл.
Human Rights Association ұйымының белсенділері Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығы алдында жоғалып кеткен журналист Жамал Хашоггидің суретін ұстап наразылық танытып тұр. 9 қазан 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп диссидент журналист, өткен аптада Түркиядағы Сауд Арабиясының консулдығында жоғалып кеткен Жамал Хашогги жайында Сауд Арабиясының басшылығымен телефонмен сөйлескенін хабарлады.

Ақ үйде сөйлеген Трамп "Бұл өте жайсыз оқиға. Біз ешкімнің, журналистердің мұндай жағдайға тап болуына жол бере алмаймыз. Біз бұл мәселенің анығына жетеміз деп ойлаймын" деді.

Сауд Арабиясының билігін сынайтын Жамал Хашогги 2 қазан күні Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына түркиялық қалыңдығымен некеге тұру үшін құжат реттемек болып барғаннан кейін жоғалып кеткен.

Сауд Арабиясы Хашоггидің консулдықтан көп ұзамай шығып кеткенін айтып, Түркия билігі өкілдерінің "журналисті консулдық ішінде өлтіріп тастаған" деген болжамын жоққа шығарған.

Трамп Сауд Арабиясының королінің тақ мұрагері Мохаммед бин Салманның өзімен сөйлесті ме, әлде басқа адаммен сөйлесті ме, ол жағын нақты айтпады.

Ақ үй кейін президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон, аға кеңесші Джаред Кушнер және мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның 9 қазан күні журналистің жоғалуына қатысты толығырақ ақпарат алу үшін Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен телефонмен сөйлескенін хабарлады.

"Телефонмен әңгімеде олар толығырақ мәлімет беруді және Сауд Арабиясының тергеуде ашық болуын сұрады" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс.

10 қазан күні Түркияның ресми TRT телеарнасы Хашоггудің Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына кіріп бара жатқан видеосын жариялаған. Тағы бір видеода Стамбулға барған "Сауд Арабиясының ұшағы мен агенттері" көрінеді. БАҚ-тың тұспалдауынша, Хашоггиді консулдықтан күшпен қара түсті фургонға отырғызып, консулдың үйіне алып кеткен.

Билікшіл "Сабах" газеті Сауд Арабиясының "қанышерлер тобы" Хашогги жоғалған күні жекеменшік екі ұшақпен Стамбулға келгенін жазады. "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымы Хашоггидің із-түзсіз жоғалуына байланысты халықаралық тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.

Жамал Хашогги - араб және батыстық БАҚ-пен жұмыс істескен Al Arab News арнасының директоры. Ол өз материалдарында Эр-Риядтың саясатына қарсы шыққан. 2015 жылы ол сауд Арабиясының "Әл-Хайят" газетіне "Сауд Арабиясы Путинді жау көруі керек пе?" деп аталатын мақала жариялаған. Мақалада ол Ресей президентін "сенуге тұрмайтын зердесіз және қатыгез адам" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG