Accessibility links

Министр: Храпуновтар қаржысын АҚШ-та заңдастыра алмады


Виктор Храпунов.
Виктор Храпунов.

Қазақстан әділет министрі АҚШ сотының Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов отбасы үстінен Қазақстан билігі түсірген шағымдар бойынша шығарған шешіміне түсінік берді.

Астанада "Қазақстан және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде инвестициялық және коммерциялық дауларды шешу тетіктері" деп аталатын конференциядан соң журналистер сауалдарына жауап берген министр Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпунов "Қазақстаннан жымқырған қаржысы мен дүние-мүлкін АҚШ-та заңдастыра алмағанын" айтты.

Қыркүйектің 30-ы күні Виктор Храпунов Facebook-тегі парақшасында АҚШ сотының өздеріне қарсы Қазақстан билігінің шағымын кезекті рет қанағаттандырмай тастағанын хабарлаған еді.

Журналистер Бекетаевтан "АҚШ Федералдық сотына Астана қалалық әкімдігінің Виктор Храпуновтың отбасына қатысты жолдаған шағымы бойынша не айтасыз?" деп сұрады.

"Ең алдымен сот шешімі процедуралық негізде болғанын түсіну керек. Ешкім сот Храпуновты кінәлі немесе кінәлі емес деп таныды деп тұрған жоқ. Сот шешімінде АҚШ-та мұндай дауларды қарау үшін АҚШ аумағына шығын келтіру фактісі болуы керектігі айтылады. Судья әзірге мұндай нәрсе көрмей тұрғанын айтқан. Яғни, біздің талап-арызымыз түгелдей кері қайтарылды деген сөз емес. Оның компаниясының АҚШ аумағындағы қызметіне қатысты және шығынды өтеу туралы (талаптар - ред.) болды. Біз жұмысты жалғастырамыз. Судья қаржы ұрланды немесе ұрланбады деген шешім шығарған жоқ" деді Марат Бекетаев.

Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы Нью-Йорктің апелляциялық соты мұндай дауларды АҚШ-та қарау үшін АҚШ аумағында шығын келтіру элменті болуы керек деп ұйғарым жасаған. "Әрине, біздің шағымымызда айтылғандай, барлық шығын Алматыға келтірілген. Біз бұл компаниялардың Қазақстаннан АҚШ-қа қаржы шығару әрекеттерін қарауға емес, шығынды өндіру мәселесіне назар аударуымыз керек" деді әділет министрі.

Марат Бекетаевтың пікірінше, Қазақстан тарабының арыздануы нәтижесінде Храпуновтар қаржысын АҚШ пен Калифорния штаты аумағында заңдастыра алмаған. Оның сөзінше, 2015 жылғы шағымнан соң Ілияс Храпунов барлық активі мен салымдарын АҚШ аумағынан шығаруға тырысқан.

"Бұл шағым болмағанда, олар қымбат виллаларда тұрып, қымбат көлік мініп, шалқып жүрер еді. Калифорнияда жаңа бизнес бастайтын еді. Біздің Калифорниядағы жұмысымыздың нәтижесінде оның Нью-Йоркте қиын жағдайға тап болғанын көрдік. Біз енді Нью-Йоркте шағымдандық. Ең бастысы - ол енді бұл қаржының ешқандай рақатын көрмейді" деді Марат Бекетаев.

Қазанның 8-і күні Алматы соты Виктор Храпуновты 17 жылға, әйелі Ләйла Храпунованы 14 жылға және олардың сыбайласы деп танылған Аяр Ілиясовты 5 жылға сырттай бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарған.

Оқи отырыңыз: Виктор Храпунов сырттай 17 жылға сотталды

Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Виктор Храпунов сонымен бірге “өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену” және "қызмет бабын асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Шамамен екі айға созылған сот процестері басты айыпталушылар ерлі-зайыпты Храпуновтардың қатысуынсыз өткен.

Бұған дейін Швейцарияда тұратын ерлі-зайыпты Храпуновтар мен Аяр Ілиясов Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге бірнеше мәрте шақырылғанмен келмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG