Accessibility links

АҚШ Сауд Арабиясы билігінің журналисті ұрлау туралы әңгімесін қолға түсірді


Жамал Хашогги, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі. Лондон, 29 қыркүйек 2018 жыл.
Жамал Хашогги, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі. Лондон, 29 қыркүйек 2018 жыл.

АҚШ Сауд Арабиясы шенеуніктерінің оппозициялық журналист, қазанның басында жоғалып кеткен Жамал Хашоггиді ұрлап, елге әкету жоспарын талқылаған әңгімелерінің жазбасын қолға түсірді. Бұл туралы CNN АҚШ барлауындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Телеарна дереккөзі Вашингтонда Хашоггидің тірі, я өлі екені туралы дерек жоғын айтады.

АҚШ билігі журналисті ұрлау операциясын жүргізуді Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман тапсырды деп санайды. Ол мұны Хашоггидің Сауд Арабиясы билігін сынағанына кек алу үшін істеген, бірақ ол әрекетінің халықаралық саяси салдары қандай болатынын жете бағамдай алмаған болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясы билігінің журналистің жоғалуына қатысы бары анықталса, Эр-Риядқа қару-жарақ жеткізуді тоқтатуы мүмкін екенін білдірген. Reuters-тің хабарлауынша, Ақ үй басшысы Сауд Арабиясына инвестиция салуды тоқтатуға еш себеп жоғын айтқан. Оның сөзінше, АҚШ пен Түркия бұл істі бірге тексеріп жатыр. Сауд Арабиясының билігі журналистің жоғалуына қатысы барын жоққа шығарғанымен, оған қатысты айғақтарын әлі күнге дейін бермей отыр.

Қазанның 10-ы күні түркиялық БАҚ Жамал Хашоггидің жоғалуына ықтимал қатысы бар деген адамдардың суреттерін жариялаған.

Хашогги 2 қазан күні Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына барған соң жоғалып кеткен. Консулдық өкілдері оның кірген соң көп ұзамай кетіп қалғанын айтады. Түркия билігі оны Сауд Арабиясының билігі өлтірген болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Жамал Хашогги - араб және батыстық БАҚ-пен жұмыс істескен Al Arab News арнасының директоры. Ол өз материалдарында Эр-Риядтың саясатына қарсы шыққан. 2015 жылы ол сауд Арабиясының "Әл-Хайят" газетіне "Сауд Арабиясы Путинді жау көруі керек пе?" деп аталатын мақала жариялаған. Мақалада ол Ресей президентін "сенуге тұрмайтын зердесіз және қатыгез адам" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG