Accessibility links

AI: Іс-әрекетке қабілетсіз адамдарды қолдау жүйесін өзгерту керек


Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хиза Макгилл (сол жақта) Қазақстандағы психикалық және интеллектуалдық ауытқуы бар деп танылған адамдардың құқықтары туралы баяндамасын таныстырып тұр. Астана, 12 қазан 2018 жыл.
Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хиза Макгилл (сол жақта) Қазақстандағы психикалық және интеллектуалдық ауытқуы бар деп танылған адамдардың құқықтары туралы баяндамасын таныстырып тұр. Астана, 12 қазан 2018 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан үкіметін "іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға" қамқорлық таныту жүйесін өзгертуге шақырды. Астанада өткен баспасөз мәслихатында ұйым өкілдері психикалық және интеллектуалдық дамуында ауытқуы бар адамдар туралы "Біз өлі жандар сияқтымыз" деп аталатын баяндамасын таныстырды. Ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл мұндай "қамқорлық таныту" жүйесі советтік кезеңнен қалғанын, психологиялық және интеллектуалдық дамуында ауытқу бар адамдар бұл жүйеде өздігінен шешім қабылдай алмайтынын айтты.

- Бұл үшін оларды қолдаудың басқа жүйесін дамыту керек. Бірақ ол жаңа жүйе мұндай адамдармен бірге, олардың келісімімен жасалуы тиіс. "Іс-әрекетке қабілетсіздік" институты постсоветтік елдерде қалған. Дамыған елдерде мұндай түсінік жоқ. Жаңа жүйемен жұмыс істеп отырған елдер бар. Мысалы Грузия. Біз осы елдермен жұмыс істесуді, олардың тәжірибесін алуды ұсынамыз, - деді Макгилл.

AI өкілінің сөзінше, Қазақстанда мұндай адамдарға қатысты барлық шешімді олардың орнына қамқоршы деп танылғандар, олар тұратын интернаттардың басшылары қабылдайды. Осының салдарынан олар үйлену, білім алу, жұмысқа тұру, сотқа жүгіну сияқты фундаменталдық құқықтарынан айырылады.

- Мұндай құқықтарынан айырылған адамдар өмір сүруін тоқтатқандай болады. Себебі олар некеге тұра алмайды, білім ала алмайды, дауыс бере алмайды, сайлана алмайды. Конституция бойынша олар дауыс бере алмайды. Бірақ Адам құқықтары жөніндегі конвенцияда заң алдында барлығы тең делінген, - дейді Хеза Макгилл.

AI баяндаманы дайындау үшін Алматы, Астана және Орал қалаларында психиатрлық диагноз қойылған бірнеше науқаспен, заңгерлермен, тиісті министрліктер және адам құқығы жөніндегі уәкіл өкілдерімен сөйлескен.

Баяндамада Қазақстанда сот "іс-әрекетке қабілетсіз" деп таныған психикалық және интеллектуалдық дамуында ауытқуы бар кем дегенде 16 мың адам бары айтылады. Заң бойынша, мұндай адамдарға әдетте жақын туыстары қамқоршы деп танылып, оларға қатысты барлық шешім қабылдау құқығы беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG