Accessibility links

Ақтөбе облысында экологтар полигон жұмысын тоқтата тұруды талап етті


Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы мұнай қалдықтарын төгуге арналған полигон. 9 қазан 2018 жыл.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы мұнай қалдықтарын төгуге арналған полигон. 9 қазан 2018 жыл.

Ақтөбе облысының экологтары Байғанин ауданы Жаңатаң ауылындағы мұнай қалдықтарын қабылдайтын полигонның жұмысын тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз түсірді. Бұл туралы Азаттыққа облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Кожиков айтты.

Ерболат Кожиковтің сөзіне қарағанда, Жаңатаңдағы полигон белгіленген шектен тыс қалдық қабылдаған. Одан бөлек, тексеру кезінде мұнай қалдықтарының қабылданған және залалсыздандырылған көлемі мен полигонға келіп түскен қалдықтар туралы мәліметтер сәйкеспейтіні анықталған.

Жалпы аумағы 11 гектар болатын полигон кеніштерден сілтілі ерітіндіні қабылдап, заласыздандырады. Экологтардың өздерінің үстінен сотқа шағымданғанын полигон иесі "Таза табиғат-АН" серіктестігі де растап отыр. Серіктестік өкілі Қанат Жәрдембаевтың сөзіне қарағанда, экологтардың наразылығын туғызған жайттар жуық арада қалпына келтіріледі.

Мұнай өндірісінің қалдықтарын қабылдайтын полигон Байғанин ауданындағы Жаңатаң ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Ауыл тұрғындары полигон жақтан жел тұрса, көздерінен жас ағып, үйлерінен шыға алмай қалатындарын айтады. Жаңатаң тұрғындары экологиядан малдары іш тастап, соңғы жылдары төл басының азайғанын байқаған. "Таза табиғат-АН" өкілі Қанат Жәрдембаев полигоннан атмосфераға бөлініп жатқан зиянды заттардың белгіленген нормадан артық емесн айтады.

Ақтөбе - өндірістік қалдықтарды қабылдайтын полигондары көп облыстардың бірі. Мұнай өндірісінен сілтілі ерітіндіні қабылдайтын Жаңатаңдағы полигон 2013 жылдан бері жұмыс істеп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG