Accessibility links

Түркия соты америкалық пасторды қамаудан босатты


Америкалық пастор Эндрю Брансон. Түркия, 25 шілде 2018 жыл.
Америкалық пастор Эндрю Брансон. Түркия, 25 шілде 2018 жыл.

Түркия соты жұма күні америкалық пастор Эндрю Брансонды қамаудан босатқан. Пастордың сотқа тартылуы АҚШ-тың Түркия Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі басшыларына қарсы санкциялар салуына себеп болған.

Бренсон отбасының адвокаты Reuters агенттігіне пастордың Түркиядан АҚШ-қа ұшып шыққаны туралы хабарлаған.

Пастор Эндрю Брансон Түркияда бір жарым жылға жуық уақыт түрмеде отырған, кейін бірнеше ай бойы үйқамақта болған. Оған 2016 жылғы Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың іс-әрекетіне қатысы бар деген айып тағылған. Жұма күні сот пасторды «терроршылармен байланысы үшін айыпты» деп танып, үш жыл бір жарым айға бас бостандығынан айыруға үкім еткен, бірақ жаза мерзімінің қалған бөлігін өтеместен босату туралы шешім шығарған. Пасторға Түркиядан кетуге рұқсат берген.


Вашингтон бұған дейін Брансонның кінәсі жоқ екенін айтып, Анкараны пасторды босатуға бірнеше рет шақырған. Тамыз айында Түркия соты Брансонды қамаудан шығарудан бас тартқан соң АҚШ түркиялық жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы санкциялар енгізіп, одан кейін тағы да шаралар қабылдайтыны туралы ескерткен.

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Twitter әлеуметтік желісінде Брансон Отанына тезірек оралады деп үміттенетінін жазған. Бұған дейін Трамп пасторды «кепілде ұстап отыр» деп мәлімдеп, Түркия билігін қатты сынға алған.

Осыған дейін баспасөз құралдары Түркия мен АҚШ-тың пастордың тағдырына қатысты жасасқан құпия келісім бойынша, Анкара Бренсонды босатқан жағдайда Вашингтонның Түркия экономикасына қысымды босаңсытуға уағдаласқаны туралы хабарлаған. Бірақ екі тарап та бұл ақпаратты жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG