Accessibility links

"Талибан" АҚШ өкілімен кездесуді жалғастыруға келіскен


Залмай Халилзад.
Залмай Халилзад.

Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы жетекшілері АҚШ-тың Ауғанстандағы жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі арнайы өкілі болып жаңадан тағайындалған Залмай Халилзадпен кездесуді жалғастыруға келіскен. Бұл туралы сенбі күні "Талибан" өкілі мәлімдеді деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Тегі ауғандық АҚШ дипломаты Залмай Халилзад жұма күні Қатар елінде "Талибан" қозғалысы басшыларымен кездескен. Тараптар Ауғанстандағы 17 жылға созылған ішкі қарулы жанжалды тоқтатудың мүмкіндіктерін талқылаған.

"Талибан" өкілі Забиулла Муджахидтің мәлімдемесінде екі тараптың шетелдік әскердің "оккупациясын" тоқтату және жанжалды бейбіт түрде аяқтаудың ықтимал жолдарын іздестіруді талқылағаны айтылған. Тараптар өзара кездесуді болашақта жалғастыруға келісті делінген мәлімдемеде.


Сенбі күні Кабулға барған Залмай Халилзад төрт елге жасаған 10 күндік сапары мен Қатарда "Талибан" өкілдерімен өткізген кездесуі туралы Ауғанстан президенті Ашраф Ғаниге айтып берген.

"Талибан" қозғалысының жоғары дәрежелі мүшесінің сөзінше, Халилзад оларды Ауғанстанда жақын арада өтетін парламент сайлауы кезінде бітім жариялауға шақырған.

Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі жақында Залмай Халилзадты Ауғанстандағы жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі арнайы өкілі етіп тағайындауы арқылы "Талибан" қозғалысымен бейбіт келіссөздерге жаңа серпін беруді көздеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG