Accessibility links

БАҚ: Еуроодақ Ресейге жаңа санкциялар салмақ


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант, Вашингтон, 21 тамыз 2018 жыл.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант, Вашингтон, 21 тамыз 2018 жыл.

Еуропа Одағы Ресейге британдық Солсбери қаласында жүйкені жансыздандыратын зат қолдануына байланысты жаңа санкциялар енгізуі мүмкін деп хабарлайды Telegraph басылымы. Газеттің жазуынша, дүйсенбіде Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері тиісті құжатқа қол қояды деп жоспарланған. Шектеу шаралары ресейлік барлау қызметінің шенеуніктеріне қарсы бағытталған. Оларға Еуропа Одағына кіруге тыйым салынады, ал шетелдегі шоттары бұғатталады.

Санкция туралы бастаманы Сирия мен Англиядағы ықтимал химиялық шабуылдардан кейін Ұлыбритания мен Франция көтерген. Британ сыртқы істер мекемесіндегілердің сөзінше, дайындалып жатқан шектеулер химиялық қару пайдаланатын кез келген елге қарсы қолданылатын болады.


Лондон Мәскеуді Солсбериде бұрынғы ресейлік барлау офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы "Новичок" уын қолданып жасаған қастандықты ұйымдастырған деп айыптаған. Британдықтардың мәліметі бойынша, Солсберидегі қастандықты "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген жалған аттарды жамылған ресейлік әскери барлау қызметкерлері жасаған. Bellingcat зерттеу тобы ол екеуінің шын аты-жөні – Александр Мишкин және Анатолий Чепига дейді.

Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарған. Ресей президенті Владимир Путин "Петров" пен "Бошировты" ресейлік билікке белгілі "қарапайым азаматтар" деп атаған.

Қыркүйектің соңында британ билігі Скрипальдерге қарсы қастандыққа қатысы бар үшінші күдіктінің кім екенін анықтағаны туралы ақпарат тараған. Лондонның мәліметі бойынша ол адам - ықтимал әріптестері соғыс қаруына жататын улы затты Ұлыбританияға әкелгенге дейін Солсбериге барған ресейлік әскери барлау офицері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG