Accessibility links

БАҚ: Ресей Иранға санкциядан айналып өтуге көмектеспек


Иран президенті Хассан Роухани, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл.

Ресей Иранға АҚШ салған санкцияларды айналып өтуіне көмектеспек. Бұл туралы Израильдің mako.co.il агенттігі "Ресей Сыртқы істер министрлігінің құпия құжатына" сілтеме жасап хабарлады. АҚШ санкциясы Иранның мұнай экспортын шектеп, ел экономикасына қиындық тудыру мақсатында салынған.

Израильдік агенттіктің құжаты бойынша, Иран мұнайы Каспий теңізі арқылы Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Олар оны басқа елдерге сатады. Бұл механизм бойынша, оған Ресей мен Иран ғана емес, Еуропа елдері де араласуы мүмкін. Еуропа елдері бұл айла-шарғыға "Тегеран Азия елдеріне мұнай сатып, ядролық келісімнен шықпайды" деген үмітпен үнсіз келісім беруі ықтимал.

Санкцияны айналып өту ұсынысы қыркүйектің басында Ресей, Иран және Түркия президенттерінің кездесуінде мақұлданған.

Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған көпжақты келісімнен шығатынын және Тегеранға қарсы санкцияларды біртіндеп қалпына келтіретінін жариялаған. АҚШ пен Израиль билігі президент Барак Обама кезінде жасалған ядролық келісім ирандықтардың ядролық қару жасауға құпия түрде қаржы жинауына мүмкіндік тудырды деп біледі. Тегеран бұл айыпты терістейді. Еуропа Одағы Иранмен жасалған келісімді қолдап, АҚШ-тың өз бетінше салған санкциясынан айналып өту шараларын дайындайтынын мәлімдеген. Ресей мен Қытай да Иранмен ядролық келісімді сақтап қалуды қолдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG