Accessibility links

Адвокат сотталушылар құқығын бұзатын бұйрықтарды жоюды талап етті


Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Қазанның 16-сы күні Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы адвокат Айман Омарованың Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) кейбір бұйрықтарына қарсы шағымын қарады. Адвокат шағымында министрліктің кейбір бұйрықтары "Макс Боқаев және жалпы сотталушылардың құқығын бұзады" деп, оларды жарамсыз деп тануды талап етеді. Сотқа қатысқан Боқаевтың қорғаушысы Жанаргүл Боқаева мен адвокат апелляциялық алқаға сенімсіздік білдіріп, сот құрамын ауыстыруды талап етті.

Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, істі қараған Астана қалалық соты апелляциялық алқасының судьялары Әсет Райымбаев, Абай Көкжалов пен Гүлмира Каженова "бірінші сот инстанциясы қанағаттандырмаған арыздың мәнін түсінуге де, талдауға да тырыспаған". Адвокат сол себепті сот алқасына сенімсіздік білдіріп, ауыстыруды талап еткен.

- ІІМ-нің кей бұйрықтары Макс Боқаевтың ғана емес, жалпы сотталушылардың құқығын бұзып отыр. Біз ол бұйрықтарды заңсыз деп тануды сұрадық. Қылмыстық атқау жүйесі мекемелері сотталушылардан олар білмеген, көрмеген әлдебір бұйрықтарды орындауды талап етеді, -деді адвокат.

Келесі сот процессі 19 қазанда өтеді.

Айман Омарова бұған дейін ІІМ-нің 2017 жылғы 3 наурызда шығарған "Қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне келу ережелерін бекіту туралы" №63 бұйрығын, 2017 жылдың 20 ақпанындағы "Қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталушылардың мінез құлқына бақылау жасауды жүзеге асыру туралы" №336 бұйрығын және 2014 жылғы 24 тамызда шығарған "Қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталушыларға келетін және жөнелтілетін хаттарды бақылау туралы" №86 бұйрығын заңсыз деп тануды сұрап, сотқа арызданған. Адвокаттың бұл арызын Астана қаласындағы Алматы аудандық сотының судьясы Райхан Молдабаева 2018 жылдың 17 шілдесінде қанағаттандырудан бас тартқан.

Осы бұйрықтарға бағынбай, мекемедегі тексеру кезінде бас киімін шешпегендіктен Макс Боқаевқа тамыз айында "екінші дәрежелі теріс тәртіп" деген баға берілген. Оған биылғы қаңтарда да "үшінші дәрежелі теріс мінез құлық көрсетті" деген баға берілген. 2017 жылы желтоқсан айында түрмеде 25 градус суықта таңғы дене шынықтыруды жасаудан бас тартқаны үшін алты рет жазаға тартылып, тәртіптік оқшаулау камерасына қамалған.

Макс Боқаев 2016 жылғы Атыраудағы жер реформасына қатысты жүздеген адам қатысқан митингілерден соң бес жылға сотталған. Ол қазір жазасын Ақтөбедегі КА 168\2 мекемесінде өтеп жатыр.

2016 жылғы 28 қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаевтың жазасын Атыраудағы УГ 157\9 мекемесінде өтеуді белгілегенімен, ол 2017 жылғы 27 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС -164\3 мекемесіне жөнелтілген. Содан бері Макс Боқаев та, оның туыстары да бұл ауыстырумен келіспей, бірнеше мәрте арызданған, алайда сот бұл арыздарды қанағаттандырмаған.

Айман Омарова Боқаевты Атырауға ауыстырмауға заңға қайшы болатындай жайт жоқ және болуы да мүмкін емес деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG