Орыс православие шіркеуіне қарайтын Душанбе православие шіркеуі Константинополь патриархатымен байланысын толық үзді. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік редакциясына 16 қазанда Иеромонах Владимир хабарлады.
"Душанбе епархиясы Орыс православие шіркеуіне канондық тұрғыдан бағынышты болғандықтан, біз Константинополь шіркеуімен байланыс орната алмаймыз. Өйткені ол канондарды бұзып, Орыс православие шіркеуінің канондық аумағы - Украинаға килікті. Сол себепті кеше Минскіде Орыс православие шіркеуінің қасиетті синодында Константинополь шіркеуімен байланыс үзілді" деді ол.
Иеромонах Владимирдің пікірінше, Украина президенті Петр Порошенко өз елінің конституциясын бұза отырып, шіркеу ісіне араласты және Константинополь шіркеуінен Украина православ шіркеуіне автокефалия беруін сұрады.
Тәжікстанда 30 мыңға жуық (халықтың 0,4 пайызы) православ тұрады.
Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы - автокефалия беруге шешім қабылдаған.
Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін "қауіпті" әрекет деп атаған. Орыс православие шіркеуі 15 қазанда Минскіде жиын өткізіп, Константинополь патриархатымен евхаристиялық байланысын толық үзген.
Украина аумағында қазір православиелік үш ұйым бар. Олар - Мәскеу патриархатының Украин православие шіркеуі, Киев патриархатының Украин православие шіркеуі және Украин автокефальді православие шіркеуі.
ПІКІРЛЕР