Accessibility links

Назарбаев фин компаниялары басшыларымен кездесті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация Финляндия билігі өкілдерімен кездесіп отыр. Хельсинки, 16 қазан 2018 жыл (Сурет akorda.kz сайтынан алынды).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Хельсинкиде Финляндияның бизнес жетекшілерімен кездесті. Ақорданың хабарлауынша, 16 қазан күні Финляндияға сапарлап барған Назарбаев әуелі фин телекоммуникациялық компанияларының басшыларымен, оның ішінде Nokia Corporation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті.

Кездесуде Назарбаев Қазақстан автоматтандыру жүйесін енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру, роботтандыру және өндірістік процесте жасанды интеллектіні қолдануды мақсат етіп отырғанын айтты. Президент бұған қоса "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне тоқталды.

Nokia Corporation компаниясының басшысы қазақстандық компаниялармен жұмыс істесуге мүдделі екенін айтты.

Назарбаев Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктерінің бірі екенін, Финляндия Қазақстанға тәуелсіздік алғаннан бері 300 миллион доллардан астам инвестиция салғанын айтты.

Қазақстанда "бизнес жүргізуге жаңа мүмкіндіктер жасалғанын", мемлекеттің ауылшаруашылығы өндірушілерін қолдайтынын айтқан Назарбаев фин компанияларын агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG