Палестина автономиясы 2019 жылы БҰҰ аясында жұмыс істейтін дамушы 77 елдің тобына төраға болады. Бұндай шешімді БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдады. Палестинаның төраға болуын 146 мемлекет қолдады. АҚШ, Израиль мен Австралия қарсы дауыс берді. 15 мемлекет қалыс қалды, 29 мемлекет дауыс беруге қатыспады.
"Біз палестиналықтардың өз мәртебесін Израильмен тіке келіссөз аясынан шыға отырып нығайту әрекетін қолдай алмаймыз. АҚШ Палестина мемлекетін мойындамайды" деп мәлімдеді АҚШ-тың Бас ассамблеядағы елшісінің орынбасары Джонатан Коэн.
2012 жылы Палестина автономиясы БҰҰ-да бақылаушы мәртебесін алған. Автономияның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 137 ел мойындаған. Бас ассамблея қабылдаған шешімнің арқасында Палестина өкілдері 77 елдің атынан жұмыс істеп, мәлімдеме жасай алады және өз ұсыныстары мен түзетулерін енгізеді.
Палестиналықтар Иордан өзенінің батыс жағалауында, Газа секторы мен Шығыс Иерусалимде өз мемлекетін құрғысы келеді. Израиль мен АҚШ бұған қарсы. Вашингтон мен Палестинаның қарым-қатынасы АҚШ Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, елшілігін Тель-Авивтен осы қалаға көшірген соң шиеленісіп кеткен. БҰҰ Бас ассамблеясы былтыр желтоқсанда өткен сессиясында АҚШ-тың Иерусалимге қатысты ұстанымын қолдамаған.
ПІКІРЛЕР