Accessibility links

ДБ: Әлем халқының жартысына жуығы кедейлік шегінде өмір сүреді


Қайыр сұрап отырған әйел (Көрнекі сурет).

Әлемде кедейлік деңгейін төмендетуде нәтиже бар болғанымен, әлем халқының жартысына жуығы күніне 5,5 долларға күнелтеді. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің (ДБ) 17 қазан - Дүниежүзілік кедейлікпен күрес күні жариялаған есебінде айтылады. Дүниежүзілік банк есебінше, кедейліктің төменгі шегінде (бір адамның күніне 1,9 доллардан аз ақшаға өмір сүруі) өмір сүретіндер үлесі соңғы жылдары азая бастағанымен, дамыған елдердегі кедей халықтың үлесі артып келеді.

Екі жылда бір жарияланатын есепте банк кедейшілік мәселесін тереңірек зерттеп, қай елдерде бұл мәселенің қандай деңгейде екеніне назар аударған.

Баяндамада әлемде кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны "тым жоғары" екені және экономикалық өсім табысы "аймақтар мен елдер арасында әділетті түрде бөлінбейтіні" айтылады.

Соңғы жылдары әлемдік экономикада өсім баяу болғанына қарамастан, 2013-2015 жылдар аралығында әлемде кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны 68 миллион адамға азайған. Бұл - Таиланд немесе Ұлыбритания халқының санына тең.

Дүниежүзілік банк кедейлікпен күресте алға ілгерілеу бар болғанымен, 2030 жылға дейін кедейліктің төменгі шегінде өмір сүретіндер санын әлем халқының үш пайызына дейін азайту мақсатын орындау мүмкін емесін айтады.

Әлемде күніне 5,5 долларға күнелтетіндер саны 1990 жылғы 67 пайыздан 2015 жылы 46 пайызға азайған. Дүниежүзілік банк өткен айда ең төменгі кедейлік шегінде өмір сүретіндер үлесі 2015 жылы 10 пайызға азайғанын хабарлаған.


Қытайда соңғы жылдардағы экономикалық өсімге байланысты Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағы елдерінде кедейлік деңгейі 60 пайыздан 35 пайызға дейін азайған. Алайда, Дүниежүзілік банк аймақтағы экономикалық өсім баяулай бастағандықтан болашақта бұл деңгейді ұстап тұру қиындауы ықтимал екенін айтады.

Ал кедейшілік Африканың Сахара аймағындағы елдерде мықтап орныққан. Бұл аймақта халықтың 84,5 пайызы күніне 5,5 доллардан аз ақшаға өмір сүреді.

1998 жылы әлемдегі халықтың 60 пайызы табысы аз елдерде өмір сүрген болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш тоғыз пайызға азайған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG