БҰҰ-ның Халық саны жөніндегі қоры (UNFPA) Қазақстанды бала туу көрсеткішінің үздіксіз төмендеу тенденциясы баяулаған немесе қайтадан күшейген елдер қатарына енгізді. Бұл топқа Орталық Азияның Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты елдері мен басқа да елдер - Алжир, Египет, Марокко және Панама кірген.
UNFPA-дің 17 қазанда жариялаған "Таңдау күші: репродуктивті құқық және демографиялық транзит" деп аталатын есебінде Орталық Азиядағы экономикалық жағдаяттар мен туу көрсеткішінің арасындағы байланыс туралы мәліметтер келтіріледі. Мысалы, есепте Орталық Азия аймағында 1990 жылдары болған дағдарыс кезінде туу көрсеткіші төмендеп кеткені айтылады. Аймақ дағдарыстан шыққан 2000 жылдардың басында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда туу көрсеткіші өскен. Алайда, экономикалық жағдай жақсарған сайын туу көрсеткіші қайта азая бастаған.
БҰҰ сарапшыларының дерегінше, бұл төрт елде заманауи контрацепцияға деген қажеттілік өтелмей отыр. Тәжікстан мен Қырғызстанда әр бесінші әйел контрацепциядан таршылық көреді.
Ұйым есебінде қазіргі кезде әлемде халық саны миллион адамнан асатын елдердің көбінде туу коэффициенті (әр әйелге шаққандағы туған балалар саны) 2,5 немесе одан төмен екені айтылады. 1960 жылдары бұл көрсеткіш 5 болған. Соңғы 150 жылда барлық елде туу көрсеткіші төмендеген. Қазір 43 елде (38-і Африка мемлекеттері) бір әйелге шаққандағы туған бала саны 4-тен келеді.
ПІКІРЛЕР