Accessibility links

Керчьтегі шабуылдан қаза тапқандар саны артты


Керчьте шабуыл жасалған колледж алдына қойылған гүлдер мен шамдардың жанында отырған әйел. Қырым, 17 қазан 2018 жыл.
Керчьте шабуыл жасалған колледж алдына қойылған гүлдер мен шамдардың жанында отырған әйел. Қырым, 17 қазан 2018 жыл.

Керчь политехникалық колледжіне жасалған шабуылдан қаза тапқандар саны 20 адамға жетті. Бұл туралы қала әкімдігі басшысының орынбасары Дилявер Мельгазиев хабарлады. Қаза тапқандардың барлығын туыстары таныған.

Ресей денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцованың 18 қазан күні хабарлауынша, қаза тапқандардың 15-і - колледж студенттері (олардың 6-уы - кәмелетке толмағандар), бесеуі - колледж қызметкерлері. Скворцованың айтуынша, қаза тапқандардың көбі оқ тиіп өлген. Ал ауруханаға түскендердің көбі жарылыстан жараланған. Соңғы мәлімет бойынша, шабуылдан 70 адам зардап шеккен, олардың 10-ы жансақтау бөлімінде, бесеуі комада жатыр.

Керчьтегі колледжге шабуыл 17 қазан күні күндіз жасалды. Шабуылды колледждің 18 жастағы студенті Владислав Росляков жасады. Ол аңшы мылтығынан оқ атып, қолдан жасалған бомбаны жарған. Осыдан соң өзін-өзі өлтірген. Болжам бойынша, студент оқытушымен кикілжіңге келіп қалып, шабуыл жасаған.

Ресей аннексиялап алған Қырым басшысы Сергей Аксенов жасөспірімнің шабуылды жалғыз өзі жасағанын, оның басқа жақта серіктері бар-жоғы анықталып жатқанын айтады.

Бұл оқиға бойынша әуелде "теракт" бабымен қылмыстық іс қозғалып, кейін ол "кісі өлімі" деп өзгертілген. Қырымда үш күндік қаралы күн жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG