Accessibility links

Қазақстандағы православие шіркеуі: Константинопольмен байланысты үземіз


Дмитрий Байдек, Астанадағы Әулие Мәриям кафедралдық соборының протоиерейі.
Дмитрий Байдек, Астанадағы Әулие Мәриям кафедралдық соборының протоиерейі.

Қазақстандағы православие шіркеуі Орыс православие шіркеуінің Константинополь патриархатымен байланысты үзу шешіміне бағынады. Бұл туралы қазанның 18-і күні Азаттық тілшісіне Астанадағы Әулие Мәриям кафедралдық соборының протоиерейі Дмитрий Байдек хабарлады.

Азаттық тілшісі протоиерейден "Орыс православие шіркеуінің Константинополь патриархатымен қарым-қатынасты тоқтату шешіміне қатысты Қазақстандағы православие шіркеуінің ұстанымы қандай?" деп сұрады. Дмитрий Байдек Қазақстандағы православие шіркеуі Мәскеу патриархатының бір бөлігі екенін, сондықтан шіркеу басшылығының шешімін орындайтынын айтты.

"Қарым-қатынас құлшылық жағынан алғанда тоқтатылады, Константинопольдегі патриарх Варфоломейге дұға қылу, евхаристиялық байланыс орнату тоқтайды" деді Дмитрий Байдек.

"Украинадағы заңды православие шіркеуі деп Мәскеу патриархатының православие шіркеуін ғана танимыз. Яғни, Украина православие шіркеуі - Орыс православие шіркеуінің бөлігі саналатын өз алдына дербес шіркеу бірлігі. Бөлініп шығып, еркіндік алғандар өздерін Киев патриархаты деп атады" деді протоиерей.

Ол қазір Украинада болып жатқан жағдайлар "барлық православие дүниесін алаңдататынын" айтты. "Себебі, канондық құқық өрескел бұзылып отыр, бір еписков басқа епископтың епархиясына килігіп отыр. Мұндай нәрсені жасауға болмайды. Бұл әрине, Орыс православие шіркеуінің реакциясын тудырды. Қазақстанға келсек, бұл оқиға бізге еш әсер етпейді. Себебі Қазақстанда тарихи тұрғыдан қалыптасқан Орыс православие шіркеуі ғана бар" деді протоиерей Дмитрий.

Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы - автокефалия беруге шешім қабылдаған.

Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін "қауіпті" әрекет деп атаған. Орыс православие шіркеуі 15 қазанда Минскіде жиын өткізіп, Константинополь патриархатымен евхаристиялық байланысын толық үзген.

Украина аумағында қазір православиелік үш ұйым бар. Олар - Мәскеу патриархатының Украин православие шіркеуі, Киев патриархатының Украин православие шіркеуі және Украин автокефальді православие шіркеуі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG