Accessibility links

Лифтідегі кісі өлімі сотында айыпталушылар соңғы сөзін айтты


Сотталушы Жарылқасын Ақжанов сот алдында соңғы сөзін айтып тұр. 18 қазан, Ақтөбе қаласы
Сотталушы Жарылқасын Ақжанов сот алдында соңғы сөзін айтып тұр. 18 қазан, Ақтөбе қаласы

Ақтөбеде көпқабатты үйдегі лифтте мерт болған жергілікті тұрғын Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. 18 қазандағы отырыста айыпталушының бірі - тұрғын үйге техникалық қызмет көрсеткен "Жаңабек-Сервис" пәтер иелері кооперативі серіктестігінің төрағасы Кенен Жаңабеков өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, марқұмның отбасынан кешірім сұрады. Ал лифт жөндеуші механик Жарылғасын Ақжанов "өзін кінәлі деп санамайды".

- Тергеу кісі өліміне себепкер болды деп отырған лифтінің 201, 201А нөмірлері детальдарын ауыстырған мен емес. Мен 30 жылдық тәжірбиесі бар механикпін әрі өзіме-өзім дұшпан емеспін. Бұл кооперативте соңғы төрт жылда төрт механик ауысқан. Лифт есігінің ашылып-жабылуына жауапты сымды солардың бірі ауыстырған болуы керек, - деді Жарылғасын Ақжанов.

Тергеу материалдарына қарағанда, "Жаңабек-Сервис" серіктестігінің штатында үш лифтер бар. Бірақ олар жаңа лифтілерге ғана қызмет көрсетеді. Сотта кооператив төрағасы Кенен Жаңабеков ескірген алты лифтіні жөндеуге электромеханик Жарылғасын Ақжановты жалдағанын айтты. Екеуара келісім ауызша жасалған.

Жалдамалы механик биыл наурыз айының ортасында бұзылған лифттерді жөндеп, іске қосқан. Араға екі апта салып,12 ықшамауданындағы №19 үйдің үшінші подьезіндегі ескі лифтіде адам өлімі болған. Прокуратура кооператив төрағасы мен лифтерді "техникалық құжаты жоқ, қауіпті нысанды пайдалануға беріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады" деп айыптайды.

Оқи отырыңыз: Бақылаудан кеткен лифттерде оқыс оқиғалар көбейді

Арнайы сараптама тұрғын Айзат Әбдісаматты лифт есігі қысып қалғанын анықтаған. Құтқарушылар мәйітті алып шығу үшін лифтінің есігін екінші қабаттан бұзып кірген. Лифт содан бері тоқтап тұр.

Ескі лифт ақауынан мерт болған Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты сот үкімі 19 қазан күні шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG