Accessibility links

Дональд Трамп: Жамал Хашоггиді шынымен өлтіргенге ұқсайды


Жамал Хашогги, Сауд Арабиясының журналисі.
Жамал Хашогги, Сауд Арабиясының журналисі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының журналисі Жамал Хашоггиді "шынымен өлтіргенге ұқсайды" деп мәлімдеді. Ақ үй басшысы бұл туралы Мэрилендтегі Эндрюс әуе базасында журналистер сауалдарына осылай жауап берді.

Трамп дегенмен тергеудің ресми қорытындысын күтетінін, журналист өліміне Сауд Арабиясының билігі қатысты болса, Эр-Риядқа оның салдары ауыр болатынын ескертті.

Түркия билігі журналист Хашоггидің жоғалуына Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығы қызметкерлерінің қатысы бар деп есептейді. Журналист 2 қазанда консулдық ғимаратына кірген соң жоғалып кеткен. Журналист некеге тұру туралы құжат алмақ болған. Түркиялық тергеушілер журналисті консулдық ғимаратында өлтірген деп топшылайды. Эр-Рияд бұл айыптауды жоққа шығарды.​ Қазір бұл істі Түркия мен Сауд Арабиясы бірге тергеп жатыр. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары журналистің жоғалуын БҰҰ деңгейінде тәуелсіз түрде тергеуге шақырған.

Дональд Трамп бұған дейін егер Жамал Хашоггиді өлтіргені және оған Сауд Арабиясы билігінің қатысы бары рас болса, онда Эр-Риядтың жазаланатынын мәлімдеген.

АҚШ Сауд Арабиясымен бірнеше салада, оның ішінде қорғаныс және қауіпсіздік салаларында қарым-қатынас орнатқан.

Оппозициялық журналист Жамал Хашогги Сауд Арабиясынан қашып кетіп АҚШ-та тұруға рұқсат алған. Ол АҚШ-та Washington Post газетіне мақалалар жазған. Мақалаларында ол Эр-Риядтың қазіргі саясатына қарсы шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG