Accessibility links

АҚШ Ресей азаматын "Конгресс сайлауына киліккен" деп айыптады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ әділет министрлігі жұма күні Ресей азаматы Елена Хусьяноваға АҚШ Конгресіне биыл қарашада өтетін сайлаудың аралық алдын ала сайлауалды науқанына араласты деген айып тақты.

Болжам бойынша, Елена Хусьянова өзге адамдармен сөз байласып, ықпал ету агенттері тобы құрамында «АҚШ-тағы демократиялық процестің барысын бұзуға» әрекет жасаған делінген айыптау қорытындысында. Хусьянованың ресейлік «тролльдер фабрикасымен» байланысы болғаны айтылады.

Бұл АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына емес, биыл қарашада өтетін Конгресс сайлауына байланысты алғашқы айыптау.

Айыптау қорытындысында, 44 жастағы Хусьянованың ресейлік олигарх Евгений Пригожин құрған ұйым - "Лахта" жобасында және олигархтың бақылауындағы Concord Management мен Concord Catering деп аталатын тағы екі компанияда бас бухгалтер болып жұмыс істегені айтылған. "Лахта" жобасының көптеген бөлімшелері бар, олардың кейбірінің жұмысы ресейлік аудиторияға, өзгелерінікі – АҚШ, Еуропа Одағы, Украинадағы халықаралық аудиторияға ықпал етуге бағытталған делінген АҚШ әділет министрлігінің сайтындағы ақпаратта.

"Лахта" жобасында Хусьянова, болжам бойынша, қаржы операцияларын басқарған, соның ішінде АҚШ-қа қарсы бағытталған қызмет те бар. Ол жұмыс істеген құжаттарда АҚШ территориясында жұмсалған шығынның егжей-тегжейі жазылған. Оларда америкалық белсенділердің қызметіне, әлеуметтік желілердегі жарнамаға, домендік атауларды тіркеуге, прокси-серверлер сатып алуға және әлеуметтік желілер платформаларында жаңалық хабарламаларды таратуға қанша қаржы төленгені көрсетілген.

2016 жылдың қаңтарынан 2018 жылғы маусымға дейін "Лахта" жобасы өзінің [насихаттық] операцияларын өткізуге 35 миллион доллар ақша жұмсаған. Бұл қаржының бір бөлігі АҚШ-та белсенді жұмыстар жүргізуге жұмсалған.

Болжам бойынша, Хусьянова қаржы басқару ісінде негізгі роль ойнаған ықтимал астыртын әрекет "Құрама Штаттарға қарсы ақпараттық соғыс" жүргізуге бағытталған. Бұлардың барлығы сайлауға түсетін кандидаттарға ғана емес, сонымен бірге тұтастай америкалық саяси жүйеге деген сенімсіздік туғызуды мақсат еткен делінген АҚШ әділет министрлігінің сайтында жарияланған құжатта.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG