Бүгін Алматының Алатау ауданында салынып жатқан «Әйгерім 2» және «Нұркент» тұрғын үй кешендерінің ондаған тұрғыны наразылық жиынын өткізді. Олар Момышұлы мен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйге көктемнен бері кіре алмай отырғандарын айтып шағымданды.
- Қазанның бірінде кіресіңдер деп қолымызға қаулы берді. Біз жалдап тұрып жатқан пәтерімізді босатып бердік. Енді үйге кірейік десек мұнда құрылыс жұмыстары әлі бітпеген, не жарық, не газ, не су жоқ. Енді дүние-мүлкімізді осы бітпеген үйге тастап, өзіміз қаңғырып кеттік, - дейді тұрғындардың бірі Арай есімді әйел.
Жиналғандар «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне» бірнеше жыл салым ақша жинап, 2016 жылы байқаудан өткендерін, бірақ содан бері әлі күнге үйлеріне кіре алмай жүргендерін айтады.
- Ең сорақысы енді үйімізге кіре алмай жүрген бізге банк төлем кестесін жасап, қараша айынан бастап үйдің несиесіне төлем жасаумызды міндеттеп жатыр. Мен сонда келесі айда жалдап тұрып жатқан баспанаға 100 мың теңге, оған қоса әлі кірмеген пәтеріме130 мың теңге төлеуім керек болып тұр, - дейді Арай.
Жаңа үйдің жанына жиналған бірнеше ондаған наразы адамдарға тұрғын үй кешенін салып жатқан «Артемида ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нүгірбек Әбілғазин жағдайды түсіндіруге тырысты.
- Құрылыс жұмыстары объективті және субъективті себептерге байланысты кешігіп жатыр бар. Мен жаңадан келген директормын. Оның барлығы мен келгенге дейін болған. Енді қарашаның алғашқы күндері жылу, жарық, су мен кәріз жүйесін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал газды тұрғындар 100 пайыз орналасқаннан кейін ғана береді, - деді Нүгірбек Әбілғазин.
Жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне 18 үй кіреді, оларда шамамен мың жарым пәтер бар.
Алайда бұған дейін де бірнеше рет жиналыс өткізіп, құр уәдеге сеніп қалғандарын айтқан тұрғындар құрылыс компаниясы директорынан кепілхат беруін талап етіп, егер осы жолы уәделі мерзімде үйлеріне қоныстанбаса кәсіпорынды сотқа беретіндерін ескертті. «Артемида ЛТД» серіктестігінің директоры кепілхат жазып беруге келісті.
ПІКІРЛЕР